Бундестаг су тасқынына қарсы шараларды талқылады
Бундестагта Қазақстан мен Германия өкілдері өзара тәжірибе алмасты.
Конференция «Қазақстандағы 2024 жылғы су тасқыны және су ресурстарын басқару мәселелері» деген тақырыпта өтті. Оны ұйымдастыруға Германия-Қазақстан қауымдастығы мен мемлекетіміздің Алманиядағы елшілігі аТсалысып, екі елдің билік өкілдері, ғалымдары және төтенше жағдай мен гидрология саласының сарапшылары қатысты. Қос тараптың мамандары аталған мәселелер бойынша зерттеулерін ортаға салып, АПАТТЫҢ алдын алудың баламалы жолдарын ұсынды.
Су тасқынының алдын алу, тілсіз жаудан қорғану, апат салдарынан болған мәселелерді оңтайлы шешу және су ресурстарын дұрыс басқару Қазақстанды ғана емес, Германияны да мазалап отырған тақырып. Елдің оңтүстігіндегі таулы аймақ қар мен тау мұздықтарының еруінен болатын селден зардап шексе, қалған өңірлер соңғы жылдары жиілей түскен мол мөлшердегі жауын суынан зиян көріп отыр. Осы жағынан алғанда биыл Қазақстанда болған тасқын тақырыбы неміс мамандарына етене таныс. Сол үшін де Германияның федералды парламенті ғимаратында қос елдің осы саладағы ынтымақтастығы сөз болды.
Манфред Грунд, Германия Бундестагінің депутаты:
- Соңғы 20 жылда Германия Еуроодақтағы ынтымақтастық аясында су ресурстарын дұрыс басқару бойынша алаңдаушылық танытып, өңірде бар түйткілді мәселелерді шешу жолында әрекет етіп келеді. Жақында Испанияда, одан біраз бұрын Орталық Еуропа, Италияда болған су тасқындары Еуроодақ елдеріне сабақ болды. Осы орайда біз өз білгенімізді Қазақстан мен Орталық Азия елдерімен бөлісіп жатырмыз. Және 2024 жылдың басындағы су тасқынынан Қазақстан не үйренгенін меңгеріп, құнды ақпарат алдық. Бұл барлық тарапқа пайдалы кездесу болып отыр.
Өз тәжірибесін Германияның төтенше жағдай кезіндегі құтқарушылары да ортаға салды. Апаттық жағдайлардағы дабыл жүйесін жаңарту мен еріктілер күшін жұмылдырудың тиімділігін тілге тиек етті. Зерттеушілер жағы ғарыштан бақылау жүйесі арқылы апатты болжау мен тектоникалық жер асты қозғалыстарының су тасқынына әсерін атап өтті. Алдағы маңызды қадам ретінде климаттық өзгерістер мен инфрақұрылым жоспарларын жіті бақылауда ұстап, қауіпсіз орындардағы құрылыс мәселесін талқылады.
Томас Хельм, Германия-Қазақстан қауымдастығының төрағасы:
- Солтүстік Райн Вестфалиядағы су тасқынынан біз көп дүние үйрендік. Дабыл жүйесін толықтай жаңартып, жиі жиі оқу жаттығу жұмыстарын жасап тұратын болдық. Күндізгі сағат 11-де смартфон мен көшедегі хабарландыру құралдары арқылы ақпарат келіп, апаттық жағдайдағы эвакуация жұмыстарына бой үйретуді әдетке айналдырдық. Себебі 200 адамның өмірін алған 2021 жылғы тасқында дәл осы дабыл жүйесі істемей қалған.
Оливер Бенс, Германия геоғылымдар зерттеу орталығының бөлім басшысы:
- Германия мен көрші елдердегі су тасқынын зерттей келе жаһандық жылынудың салдарынан апаттық жағдайлардың жиілей беретінін түсіндік. Жауын мөлшері кейінгі жылдары артып келеді. Топырақ эрозиясы өрши түсті. Оған қоса өзен жағасындағы қалалар мен үлкенді-кішілі елді-мекендер нағыз қауіп алаңына айналып отыр. Бұл инфрақұрылым мен баспана құрылысы саласына түбегейлі өзгерістердің керек екенін ұқтырды. Сондай-ақ, анағұрлым ерте жұмыс істейтін сезімтал дабыл жүйелерін жетілдіруді де басты назарға алып отырмыз.
Ал Қазақстан өкілдері трансшекаралық серіктестік пен су дипломатиясына баса назар аударып жатқанын жеткізді. Жаңа Су кодексі, Аралды құтқару, қар суын өзен көлдердің бассейндеріне тиімді бұру және жас мамандарды даярлау бойынша жетістіктерімен бөлісті. Басқосу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге уағдаласты.
Ердана Ержанұлы, Павел Рубан