Газа секторында қақтығыстан 45 мың адам өлім құшты

Әлемде жыл сайын миллиондаған адам қақтығыс ошақтарында көз жұмады, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр 20 миллионнан астам кісі текетірес кесірінен өлім құшқан. Құрбандар қатарында әйел мен бала көп. Бұл – БҰҰ келтірген дерек. Заңнан аттап, адам құқын таптаудың тағы бір көрінісі – заңсыз еңбекке тарту дерегі де көбейген.

Қақтығыстан жапа шеккен Газа секторында адам құқын бұзу қалыпты құбылысқа айналды. Мыңдаған әйел жесір, қаншама бала жетім қалды. Баспана дейтін бақытты мекенде бүтін отбасымен күн кешу – олар үшін қазір арман ғана. БҰҰ кейінгі дерегіне сүйенсек, қайнаған қақтығыстан, жоқшылық пен аштықтан 45 мыңдай адам өлім құшса, 2 млн тұрғын туған жерінен босып кеткен. Бұл – бүтіндей аймақ халқының 90%-і. Әсіресе, жүкті әйелдер мен балалардың халі мүшкіл. Әйелдердің дені босану кезінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай қайтыс болған. Оның үстіне олар қауіпсіз жер жағалап, бір үзім нанға мұқтаж отыр. Қыс түсіп, жауын-шашынның көбеюі жағдайды тіпті ушықтырып жіберген. Қолда бар дүниеден баспана құрап, өлместің күнін кешіп жүр.

 

Сирия жұрты атақонысынан қашып жатыр

Сирияда кейінгі екі аптада шиеленіскен жағдайдан кейін көтерілісшілер ел астанасы Дамаскіні басып алып, Асад әскері елден қуылды. Сөйтіп, бүлікшілер аз уақытта бірнеше қаланы өз иелігіне алып, жеңісін тойлап жатса, 370 мың тұрғын бас амандығы үшін шекара асып, атақонысынан қашып жатыр. Олар Ливан, Ирак, Газа секторына өтіп, көрші елдерден пана тапты. БҰҰ сириялық босқындар қатары 1,5 млн-ға дейін ұлғая ма деп алаңдайды. Өйткені бұл өңірлер қақтығыстан жетісіп отырған жоқ, гуманитарлық көмек жеткізу қиын. Халықтың аштан қырылуы мүмкін деп қауіптенеді. Қазірдің өзінде жүздеген адам қақтығыс кезінде қаза тапты. Бұл сан әлде де өсуі мүмкін.

 

Суданда адам құқын таптау тыйылмай тұр

Азаматтық соғыстан адам құқы тапталған тағы бір ел – Судан. БҰҰ келтірген мәліметке сәйкес, былтыр сәуір айынан бері қақтығыстан көз жұмғандар саны 62 мыңға таяған. Оның 26 мыңы – зорлық-зомбылық құрбандары. Тағы 11 млн кісі тұрғылықты жерінен біржолата кетуге мәжбүр болған. Шегі жоқ шиеленістен Суданда ауызсу мен азық-түлік дағдарысы орнады. 25 млн кісі аштық пен жоқшылықтан зардап шегіп отыр. Кейінгі зерттеу, бейбіт күннің өзінде Суданда тіршілік етудің өте қиын екенін көрсетіп отыр. Технология әлемнен тым артта қалған. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан әлеуметтік, азық-түлік, баспана дағдарысы халықты қажытып жіберген.

 

Әлемде миллиондаған адамның құқы шектелген

Әлемде адам құқы тек қақтығыс аймақтарында ғана емес, бейбіт, дамыған елдерде де жиі тапталады. Amnesty International халықаралық ұйымының дерегінше, құқықбұзушылық түрлі жағдайда көрініс табады. Жер шарында 700 миллионнан астам адам кедейлікте өмір сүреді. Осының кесірінен олар білім алу, денсаулық сақтау мен жұмыс істеу құқынан айырылған. Мұнан соң босқындардың құқын қолдау жоқ. Дерек бойынша жыл сайын 110 млн-ға жуық кісі қонысын тастап кетуге мәжбүр болады. Бала еңбегін қанау деректері де тыйылмай тұр. Дүниежүзінде 160 млн бала қауіпті әрі заңсыз еңбек жағдайында жұмыс істейді екен. Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық деректері көп тіркеледі. Гендерлік теңсіздіктің кесірінен миллиондаған әйел тұрмыста таяқ жеп, ерінен зәбір көреді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева