Кореяда Қазақстаннан барған мұғалімдер сабақ беріп жүр
Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан барған 4 мұғалім жұмыс істеп жүр.
Өзара тәжірибе алмасу бастамасын сәуір айында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кёнгидо провинциясының білім беру басқармасы қолға алған болатын.
Ал жақында Ансан қаласында екі ел ынтымақтастығының алғашқы нәтижелері қорытындыланды. Қазақстандық мұғалімдер сабақ беретін мектепке меншікті тілшіміз Владислав Цой барып қайтты.
Қазақстандық 4 мұғалім Ансан қаласындағы ТМД елдерінен келген мигранттар тұратын ауданға тамыз айында табан тіреген. Олар корей, ағылшын, қазақ және орыс тілдерін білетін үздік ұстаздар.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл мектепте өзге елдерден көшіп келген 145 оқушы оқиды. Олардың 30-ы қазақстандық. Шетелдік балаларға оқу материалдарын меңгеруге Қазақстаннан келген 2 мұғалім көмектеседі.
Ақбөпе Баярыстан Арқалық педагогикалық университетін бітірген соң жергілікті мектепте 1 жыл мұғалім болып істеген. Кореяға тәжірибе алмасуға бару туралы ұсыныс Ғылым және жоғарғы білім министрлігінен түсіпті. Іріктеуден сүрінбей өткен Ақбөпеге Кенги провинциясы уақытша тұратын пәтер беріп, айлық төлеп отыр.
Ақбөпе Баярыстан, мұғалім:
- Менің ролім көп мәдениетті оқушылар үшін көп маңызды секілді. Бұларда ағылшын тілінің өзі корей тілінде өтеді. Сол үшін мен оларға граматика болсын басқа нәрселерді түснікті етіп жеткіземін.
Ким Хен Бин, Ансан қаласы Сонан орта мектебінің оқушысы:
- Біріншіден, сабақтар топтық жұмыс түрінде өтетіндіктен, балалармен көңіл көтеруге және оқулықтағы материалдарды жақсы меңгеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мұғалім де өте әзілқой, көңілді.
Баян Мұхтарқызы шетелдік оқушыларға барлық пәндер бойынша тапсырмаларды орындауға көмектесіп, жергілікті тұрғындарға қазақ мәдениетін таныстырып жүр.
Баян Мұхтарқызы, мұғалім:
- Басшылықта отырған адам біледі Қазақстан қандай екенін. Бірақ қарапайым халық тұрғысынан келетін болсақ, олар ойлайды біз хиджаб киіп кәдімгі мұсылман адам келеді деп ойлаған екен. Бүкіл сыныпқа Қазақстан туралы айттым. Қазақстан қандай ел екенін, қалай өмір сүріп отырғанын көрсеттім.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы шетелдік оқушыларға ассистенттер көмектесетін мектептерді аралап көрді.
Ким Гым Су, Кёнги провинциясы білім беру басқармасы конвергентті білім бюросының директоры:
- Бағдарламаға үш мектеп қатысады, студенттердің жалпы саны шамамен 800 адам. Зерттеу есебіне сәйкес, балалар да мұғалімдер де тіл үйрену арқылы өздерін бақыттырақ сезінетін секілді.
Бұл тәжірибені Кёнгидо провинциясының білім беру басқармасы оң бағалап отыр. Енді келер жылдың наурыз айында осында Қазақстаннан жаңа ұстаздар келеді деп күтілуде.
Владислав Цой, Ольга Лян