Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамы Орталық Азияға жаңа грант бөледі
«Орталық Азиядағы климаттық тәуекелдерді басқару» бағдарламасы аясында аймаққа жаңа гранттық қаржы бөлінеді. Германия үкіметі жүзеге асырып жатқан жобаға үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады.
Бұл жайында Ташкентте өткен трансшекаралық өзен мәселелері қаралған жиында «GIZ» өңірлік бағдарламасының басшысы мәлімдеді. Сергей Макаровтың айтуынша, аймақты климаттық өзгерістерге бейімдеу ісімен айналысатын мекемелерге Ұлыбритания тарапынан қосымша қаржы қаралып отыр. Ол үшін арнайы қор құрылады. Таяу арада негізгі шарттары жария етіледі. Бағдарлама жетекшілері еуропалық жеке инвесторлардың Орталық Азиядағы мемлекеттік мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істеуіне мүдделі. Осы мақсатта нарықта қандай мәселелер бары зерделеніп, шешу жолдары сараланып жатыр.
Айта кетейік, «GIZ» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстандағы климаттық мәселелерді зерттеп келеді. Осы орайда тіршілік нәрін үнемдеу мен пайдалану бойынша бірнеше жобаны қаржыландырған.
Сергей Макаров, «GIZ» климаттық тәуекелдерді басқару өңірлік бағдарламасының басшысы:
- Грант көлемі 50 мыңнан 500 мың еуроға дейін болады. Әзірге осы шамада қаржы қаралады деп болжап отырмыз. Ал оның жалпы сомасы 4 млн еуроға жетеді. Осы грантпен үкіметтік емес ұйымдардың түрлі жобалары қаржыландырылады.