Қытайда су перілері жарысты

Қытайлар спорттың жаңа түрін ойлап тапты, деп хабарлайды 24kz.

Оның ерекшелігі – жарыста су перілері сайысқа түседі. Бірегей өнер әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырып отыр. Көрші ел алғашқы Азия кубогын да өткізіп үлгерді. Оған 70-ке тарта спортшы қатысты. Жарысты тамашалауға мыңдаған турист келген. Қытайлардың көздегені де сол. Қазір бұған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, дүниежүзіне танымал ету үшін қомақты қаржы қарастырылып жатыр. Қытайлар оны су спорты түрлерінің қатарына қосуды көздейді.

Хуан Сяоин, бас төреші:

- Бұл жарыстың ерекшелігі – спортшылар су астында өнер көрсетеді. Үстерінде су перілерінің киімі болғандықтан, бұл оңай емес. Спортшыға дем, ептіліктен бөлек түрлі қимылдар жасап, сауатты жүзе білу үшін көп дайындық керек. Бұл спорт жастар арасында танымал болып келеді. Саяхатшылар да осындай шоу түріндегі жарыстарды көруді ұнатады. Ең бастысы, Үкіметтен қолдау бар. Келешекте осы спорт бойынша халықаралық жарыстарды көбейтпек ниеттеміз.