ЕО елдері Сирияға қатысты ұстанымын айқындады
Еуроодақ басшылары Башар Асад режимі құлағаннан кейін Сириямен арадағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге қатысты негізгі ұстанымдарын айқындады. Брюссельдегі саммитке қатысушылар билік Сирия халқына өтуі керегін атап өтті. Бұл аумақтық тұтастықты сақтауға, барлық діни және этникалық топтарды қорғауға және адам құқықтарын, соның ішінде әйел құқығын сақтауға кепілдік береді.
Еуропалық одақ елдерінің басшылары сондай-ақ сириялық босқындардың жағдайына қатысты ұстанымын да білдірді. Атап айтқанда, олардың отанына оралуы қауіпсіз және ерікті түрде болуы керек.
Айта кетейік, Еуроодақ елдері бүгінде Сирияның ең ірі доноры саналады. 2011 жылдан бері оның көмегімен Шам елін қолдауға 33 миллиард еуродан астам қаражат бөлінді.