Индонезияда өнеркәсіптің дамуы экологияға салмақ түсіріп отыр
Әлемде электрмобильдер нарығының қарқынды дамуына байланысты өндіріске қажетті кобальт, алюминий, никель секілді металдарға сұраныс артуда.
Индонезия дәл осы пайдалы қазбаларға бай. Билік өндіру көлемін ұлғайтуға тырысып жатыр. Бірақ оған қуанып жатқан тұрғындар жоқ. Экологиялық ұйымдар да наразы.
Әлемде жыл басынан бері 15 млн-нан аса электрлі көлік сатылған. Биыл бірнеше ай сатылымдар рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Бұдан Индонезия ұтып отыр. Өйткені мұнда электрмобильдер өндірісіне қажетті металдар көп.
Мысалы, кобальт қоры бойынша мемлекет әлемдегі алғашқы үштікке кіреді. Қытайлық инвесторлар тарапынан қызығушылық артып, кейінгі жылдары Индонезияда тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Бірақ тұрғындар мен түрлі ұйымдар бұл экологияға кері әсер ететінін айтады. Мысалы никельді қайта өңдеу зауыттары теңіз жағасына жақын орналасқан. Содан өнеркәсіптік қалдықтар суға төгіліп жатады. Салдарынан балық аулаумен күн көретін жандар қиналып отыр.
Амируддин, балықшы:
- Бұрындары емін-еркін балық аулайтын едік. Қазір аймақта 5 бірдей тау-кен компаниясы жұмыс істеп жатыр. Солар келгелі маңайда балық жоғалып кетті. Енді жанармай мен уақытымызды шығындап, алыстау жерлерге барып, балық аулауға тура келеді.
Зауыттардың жұмысы тұрғындардың денсаулығына да кері әсер етуде. Шахталарға жақын өңірде тұратын индонезиялықтар тарапынан денесі бөртіп, тыныс алуының қиындауына байланысты шағымдар көбейген. Тұрғындардың сөзін мамандар да растап отыр. Коммерциялық емес экологиялық ұйым өкілдері алған сынамалар, өнеркәсіптік орындар көп орналасқан Кабаэна аралындағы суларда никель, кадмий, қорғасынның мөлшері қауіпті межеден асып кеткенін көрсеткен.
Кэтрин Шиллинг, Колумбия университетінің доценті:
- Кабаэна аралының тұрғындары жылдар бойы құрамында металдар бар суды тұтынып, ондағы балықтарды тамаққа пайдаланатын болса, мұның соңы денсаулығына кері әсер етері сөзсіз. Келешекте бұл жүрек-қан тамырлары ауруларына тіпті қатерлі ісікке әкеп соқтыруы әбден мүмкін.
Судың ластануының зардабын егін шаруашылығымен айналысатын фермерлер де тартып отыр. Экологтар тау-кен өнеркәсібінің қарқынды дамуы орман алқаптарына кері әсер ететінін айтады. Әлемде 2001-2020 жылдар аралығында пайдалы қызбаларды өндіру үшін бір жарым миллион гектар орман оталған. Жасыл желектерін ең көп жоғалтқан мемлекет – осы Индонезия. Бұл ретте биыл көктемде конституциялық сот Кабаэна секілді шағын аралдарды ерекше қорғауға алу туралы қаулы шығарған. Бірақ соған қарамастан экологтардың айтуынша, Үкімет пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат беріп, экожүйені бүлдіруін жалғастырып келеді.