Брюссельде қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған

Брюссельдің қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған.

Оған  автобустар, трамвайлар, метро және қала маңына қатынайтын пойыздар кіреді.  Корольдіктегі  трамвай желісінің 150 жылдан астам тарихы бар.  Бұл елде  автобустар  жылдам әрі қауіпсіз саналады. 

Жанат Эрнст, тілші:

-Брюссельде қоғамдық көлікті пайдалану оп- оңай. Жолаушылар  автобустар мен  трамвайларға, метроға да емін-еркін міне алады. Сонымен қатар қоғамдық көлікке осындай бірыңғай билет сатып алып, метродан шығып, сол билетпен осылайша трамвайға да міне аламыз.

Брюссельде қоғамдық көлікпен жүретін билет құны 2,70 евро. Оны бір сағаттың ішінде пайдалануға болады. Бес сапарға билет 8 еуро тұрады, он рет мініп жүру үшін 14 еуро төлеу керек. Бір күндік билетке 8,5 еуро шығарасыз. Билеттер қоғамдық көлікке кірген сайын тексерілуі керек, бірақ автобустан метроға ауысқан кезде бұл жаңа сапар деп есептелмейді. Ал түнгі автобус пен әуежайға баратың көлік билеті үшін  7,50 евро төлейсіз.

Оскар, жолаушы:

-Біздің қоғамдық көлік Еуроодақтың басқа елдерімен салыстырғанда өте жақсы ұйымдастырылған және қолжетімді. Біз  ештеңе төлемейміз. Көлік қызметкерлерінің ереуілге шыққан күндері болмаса, қоғамдық көліктер көп жағдайда уақытында келеді.

Сильвия, студент:

- Мен мұнда бір апта болдым және тек автобуспен жүрдім. Жалпы алғанда, автобустар уақытылы және жиі келеді, бағасы студенттерге ыңғайлы.

Бельгия астанасындағы трамвай мен автобус бағыттарын бір көлік компаниясы басқарады. Тасымалдаушының ресми сайтында тарифтер мен жеңілдіктер туралы ақпарат, сондай-ақ кесте мен маршрутты жоспарлаушы бар. Десе де, кейбір жолаушылар әсіресе, қарбалас уақытта қоғамдық көліктердің жетіспейтінін  айтып шағымдануда.

Сара, зейнеткер:

- Мен зейнеткермін, билет бағасы мен үшін қолайлы. Бірақ қоғамдық көлікте адам өте көп, олардың жайлылығы мен қозғалыс жиілігі басқа астаналармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Осы жағынан жағдайды жақсарту керек.

Брюссельдің  автобус желісі 51 күндізгі және 11 түнгі бағытты қамтиды. Олардың кестесі маршрут нөміріне және аптаның күніне байланысты - сапарлар шамамен таңғы 5:30-дан түнгі 1-ге дейін қол жетімді. Әр аялдамада кесте ілулі тұр. Түнгі маршруттарды тек жұма және сенбі күндері түн жарымынан  таңғы сағат 3-ке дейін пайдалана аласыз. Жиілігі жарты сағат. Жүргізушілер маршруттардағы кептеліс мәселесін жұмысшылардың жетіспеушілігімен байланыстырады.

Сами, автобус жүргізуші:

- Жүргізуші тапшылығы автобустардың толып кетуіне әкеледі. Ал жолаушылар тарапынан айтылған сынның бәрі өзімізге түседі, тіпті кей жағдайда жүргізушілерге шабуыл  жасалып жатады. Бірақ жалпы алсақ біз жақсы адамдарды тасымалдаймыз. Мен барлығын қоғамдық көлікті пайдалануға шақырамын, Бельгияда бұл мәселе көптеген елдерге қарағанда жақсы. Жалақымыз тәуір, сондықтан біздің қатарымызға қосылғысы келетіндерді шақырамын, бұл жақсы жұмыс.

Ал Брюссельдің  трамвай желісі 19 бағытты қамтиды, жолдардың ұзындығы 210 шақырым. Трамвайлар сұраныс бойынша тоқтайды. Ол үшін аялдамада тұрғанда қол көтеру керек, ал көліктен шығу үшін жасыл  нүктені  басу қажет.  Брюссельдегі метро өте үлкен де  емес және қаланың барлық аудандарына жетпейді. Желілердің жалпы ұзындығы шамамен 40 шақырым,  станция  саны 59. Билет тек кіре берістегі турникетте тексеріліп қана қоймай, шығу кезінде де көрсетілуі керек. Мұнда билетсіз жүре алмайсыз. Өйткені барлық жерде бейнекамералар бар, вагондардың ішінде  тексеру жүргізіледі. Тегін жүргісі келгендер  үшін айыппұл 107 еуро.

Жанат Эрнст, тілші:

- Брюссельде осындай жаяу жүргіншілерге арналған көшелердің көбеюінен кептелістер азайып жатыр. Қазір қала билігі қосымша бесінші метро желісін қосуды жоспарлап отыр.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов