Қытайда Жаңа жылға дайындық қызу жүріп жатыр.LIVE

Әлем жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатыр. Бұл мерекені бәрі атап өтеді. Бірақ Қытайда тіптен бөлек. Халық жаңа жылды 40 күн тойлайды.

Отыз күн ойын, қырық күн тойын деген осы болар бәлкім. Аспан асты елінде бұл мерекені атап өтудің өз ерекшеліктері бар. Қазір шығыстағы көршіміз 2025-ші жылды қарсы алуға қызу дайындалып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Баршаңызға қайырлы таң! Иә, Қытай мәдениеті мен дәстүріне сәйкес жаңа жыл бір айдан астам уақыт бойы тойланады. Әдетте, бұл мемлекет григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды 31-ші желтоқсанда қарсы алады. Бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, көпшілік орындар безендіріледі. Алайда, қытай халқына Ай күнтізбесі маңыздырақ. Қытайлықтардың басты жаңа жылдық мерекесі бұл «Чуньцзе» мейрамы. Қазақ мұны "Шаған" деп атайды. Мерекенің шығу тарихы қызық. Қытай аңызы бойынша «Нянь» деген қорқынышты құбыжық. Ол жыл сайын келіп адамдар мен жануарларды жұтып қоятын болған. Бірақ Нянь қызыл түстен, оттан және қатты дыбыстан қорыққан. Қытайлықтардың ырымдап аспанға от шашып, есік-терезелерін қызыл түске бояп тастайтыны содан екен. Бертін келе бұл бүтін бір елдің дәстүрі мен мәдениетіне айналып кетті. Бұл мереке биыл 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығына түсіп тұр. Бүкіл қытай елінде ресми демалыс 7-8 күнге дейін созылады. Қолы бос тұрғындар мен зейнеткерлер, тіпті шетелдіктер қазірден тойлауды бастап кеткен.

Иу Ипин, Bfc The Bund Fengjing Weekend Market іс-шарасының менеджері:

- Биыл мерекелік іс-шаралар ерте басталды. Безендіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Барлығы тақырыпқа сай жасалуда. Мәселен, алдағы жылан жылы болған соң көшелер жылан тәрізді етіп жобаланып, безендіріліп жатыр. Ал мына көшені көбелектермен көркемдедік. Қазірдің өзінде келушілер өте көп.

Чеонг Ут Ченг, турист:

- Жарқыраған жарық шамдар көздің жауын алады. Көңіл көтеріп біраз серігу үшін құрбыларыммен бірге келдім. Бұл тек жастарға арналған орын ғана емес қой. Біз сияқты зейнеткерлер де келе алады. Әлі бірнеше күн боламыз.

Қытай Жаңа жылы - ең әуелі отбасылық мереке. Тұрғындар өзге өңірлердегі туыстарына барады, ал шетелдегі қытай азаматтары отанына оралады. Бұл күндері әуежайлар мен теміржол вокзалдары лық толады. Жылда жұрт билет таппай кассаларда ұзын-сонар кезек қалыптасады.  Ел билігі қарбалас кезінде келеңсіздіктерді болдырмас үшін ерте қамданып жатыр. Биыл пойызға билетті алдын ала брондау қызметін ерте іске қосты.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытай теміржолы компаниясының мәлімдеуінше Харбин, Шэньян сияқты солтүстік-шығыстағы қалаларға билеттердің бәрі  алғашқы күндері-ақ сатылып кеткен. Енді қосымша пойыздар мен рейстерді ашуға кірісті. Алдын ала болжам бойынша бүкіл Қытай аумағында биыл мереке күндері сапарлаушылардың қарасы 1 миллиардтан асуы мүмкін.