Еуропалықтар Рождествоны тойлауға қызу дайындалып жатыр
Еуропада католик дінін ұстанушылар Рождествоны қарсы алуға қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Кәрі құрлықта мереке ертең басталады. Бельгия астанасының көшелері де әсем безендіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлауға әзір. «Тек қымбатшылық көңілге кірбің түсіргені болмаса», – дейді тұтынушылар.
Рождество – Еуропадағы ең сүйікті әрі маңызды мерекенің бірі. Ол Еуроодақтың барлық елінде Григориан күнтізбесі бойынша 25 желтоқсанда атап өтіледі. Кәрі құрлық тұрғындары мейрамды отбасымен асыға күтеді. Жаңажылдық мерекеге орай қалалардағы алаңдар мен көшелерге шыршалар орнатылып, түрлі ойыншық шамдармен безендіріледі. Бұл күндері ел аралап, демалушы саяхатшылар қарасы да көбейеді.
Варун Черма, турист:
- Мен отбасыма рождестволық сыйлығым ретінде Еуропаға саяхат сатып алған едім. Бұл біздің Бельгияға алғашқы сапарымыз. Еуропадағы сыйлықтардың бағасы басқа елдерге қарағанда, мысалы, Сингапурмен салыстырғанда арзандау екен. Бізге мұнда бәрі ұнап жатыр.
Әдетте Рождествоға орай Еуропа елдерінде мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Ол жерлерден қонақтар кәдесыйлармен қатар әр халықтың дәстүрлі тағамдары мен тәттілерінен дәм тата алады. Мысалы, Бельгияда шоколадты көптеп кездестіресің. Биыл оның бағасы 10-15%-ке қымбаттаған. Деседе тәттіні сатып алушылардың қарасы азая қоймаған.
Магдалина, шоколад сатушы:
- Бельгиялық шоколад бәріне танымал. Ол өте дәмді әрі сапалы өнім саналады. Осы маусымда саудамыз жақсы жүріп жатыр. Біраз жылдан бері мұндай оң өзгеріс байқалмаған еді. Өте қуаныштымыз.
Корольдіктің ұлттық брендіне айналған бұл тәттіні бельгиялықтар жақсы көреді. Бірақ басқа елдерден келген студенттер шоколад құнының қымбаттауы олардың қалталарына айтарлықтай салмақ салатынын айтады.
Сауалнама:
- Біз сыйлық ретінде негізінен пралине, шоколад және түрлі тағамдар сатып аламыз. Өткен жылмен салыстырғанда сыйлықтардың бағасы біршама өскен. Бірақ шоколадтың бағасы едәуір қымбаттаған.
- Бельгиялық шоколад өте дәмді. Бірақ студенттер үшін оның бағасы біраз қымбаттау деп ойлаймын. Оның құны 1-2 еуроға, ал кей жерлерде тіпті 3 еуроға дейін көтерілген.
Дегенмен Брюссель тұрғындары мерекелік дастарханға қажетті тағамдардардың бағасының шарықтап кеткеніне қарамастан Рождество мерекесін тойлауға қызу дайындалып жатыр.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.