Қытайда мұз қалашығы тұрғызылды
Қытайдың Харбин қаласында әлемдегі ең үлкен мұз қалашығы ашылды. Оның аумағы 1 миллион шаршы метр. Онда қар мен мұздан салынған 42 мемлекеттің ең көрікті деген жерлерінің көшірмесін көруге болады. Мүсіндерді жасауға 300 мың шаршы метр мұз жұмсалған. Сонымен қатар әлемдегі ең үлкен аққала да осы шаһарда тұрғызылды.
Қалашықтың құрылысына 260 кәсіби мүсінші, 10 мың жұмысшы және мыңнан аса техника жұмылдырылды. Қазір мұз әлемін көруге туристер ағылып жатыр.
Айта кету керек, саябақ жылда қыс мезгілі түсісімен салынады. Бұл 1988 жылдан бері дәстүрге айналған.
Сунь Цзэминь, Харбин мұз қалашығы директорының орынбасары:
- Биыл мұз қалашықтың аумағын едәуір ұлғайттық. Қазір оған 140 футбол алаңы сыйып кетеді. Қар мен мұздан соққан мүсіндер саны да артты. Ең үлкені – 20 метрлік аққала. Оны тұрғызуға 4 мың шаршы метр қар жұмсалды. Мұнда қыс бойы саяхатшылар үзілмейді. Әсіресе түнгі көріністі көруге қызығады. Былтыр 2 миллион 700 мың турист келген болатын.