Ұлыбритания рождество мерекесін тойланып жатыр

Ұлыбритания рождество мерекесін тойланып жатыр

Ұлыбританияда католиктер мен протестанттар рождество мерекесін тойлап жатыр. Діни мерекеге орай елдегі өмір 2 күнге саябырсыды. Сауда орындары, азық-түлік дүкендері де жабық. Қоғамдық көлік те жұмыс істемейді. Британ халқы дәстүр бойынша мерекені отбасымен бірге атап өтеді. Ал отшашулар мен қыдырыстар жаңа жыл түніне жоспарланған. 

Патша мен патшайым Сандрингем ауылындағы рождестволық шіркеу қызметіне қатысу үшін келді. Жанында ұлы Уильям мен келіні Кэтрин және туған-туыстары. Араларында патшаның інісі Эндрю ханзада ғана жоқ. Ол «Қытай тыңшысымен байланыста болды» деген күдікпен отбасылық шарадан шеттетілді. Биыл бұл әулет үшін оңай жыл болмады. Патша да, келіні де обыр ауруына шалдығып, химиялық терапиядан өтті. Дәстүр бойынша ұлы мәртебелі Британ және ұлттар достастығы ұйымына мүше елдердің халқына үндеу жолдады. 

Чарльз, Ұлыбритания патшасы:

- Бұл жылы біз жүріп өткен жол әрдайым тегіс болған жоқ. Кейде ол соқтықпалы, соқпақсыз болды. Бірақ азғантай болса да әрекет етсек, келіспеушіліктер кедергі болмайды. Түсіністік пен жарасымдылыққа қол жеткіземіз, сондай-ақ әлемді оңынан өзгертеміз.

Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер де Премьер-министр ретіндегі алғашқы рождестволық үндеуін жолдады. Ол жедел шақырулар мен төтенше жағдайларда жылдам әрекет ететін қызметкерлерге алғыс сезімін білдірді. Үкімет басшысының пікірінше, дәрігерлер мен өрт сөндірушілер мақтауға әбден лайық.

Кир Стармер, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Менің Ұлттық денсаулық сақтау және Төтенше жағдай қызметтерінде, Қарулы күштерімізде, сондай-ақ шіркеулер мен қайырымдылық ұйымдарында жұмыс істейтіндерге алғысым шексіз. Олар Рождествода барлық адамға көңіл бөлуге дайын.

Рождествода Лондонда көше жүргіншілерін кездестіру қиын. Тіпті азық-түлік дүкендеріне дейін жабық. Автобус пен метро болса да жүрмейді. Өйткені Рождество – жанұялық мереке және бұл демалыс күнін отбасы, ошақ қасында қарсы алу дәстүрге айналған. Ал 31 желтоқсанда қала орталығында жаңажылдық отшашулар атылады. Көлемі мен көркемдігі жағынан көз тартарлық думанды кеш Темза жағалауында жыл сайын мыңдаған көрермен жинайды.