Жыл басынан бері 22 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды
Жыл басынан бері елде 11,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілді. 22 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды. Мұндай тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар қолдану керек. Бүгін құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген Премьер-министр осылай деді. Бұдан бөлек, жиын барысында Президент бекіткен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру жайы қаралды.
Жолдағы қауіпсіздік басты назарда. Сондықтан да тәртіп сақшылары жолда жүйткитіндерді ауыздықтау үшін қалаларда 25 мың автоматты камера орнатқан. Оның үстіне қазір «Жасырын» патрульдеу де жүргізіліп жатыр. Жалпы соңғы 5 жыл ішінде елде автокөлік паркі 1,4 млн-ға артқан. Осы ретте құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізген Премьер-министр мас және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің саны азаймай отырғандығына назар аударды. Үкімет басшысы бұндай бұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін де қайта қарау қажеттігін атады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында жолдарда орын алатын апаттар деңгейіне ерекше назар аударды. Жол қозғалысын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдаттық. Дегенмен мас және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің саны күрт азаймай отыр. Жыл басынан бері 11,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілді. 22 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар қолдану керек. Мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қайта қарау қажет.
Заң мен тәртіп: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасы ету үшін 2028 жылға дейін арналған арнайы тұжырымдаманы да бекіткен. Бұл құжатты іске асыру мақсатында биыл 28 іс-шара орындалған. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың мәлімдеуінше, ұрлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әзірленген бағдарлама олардың санын 29%-ке қысқартуға және қылмыстардың ашылу деңгейін 54,4%-ке дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына айналуы керектігін айқындап берді. Бұл Мемлекет басшысы саясатының басты негіздерінің бірі. Президенттің бұл тапсырмасын бұлжытпай іске асыру – барлық мемлекеттік органның, ең алдымен, құқық қорғау құрылымдарының міндеті. Полиция кез келген, тіпті кішігірім құқықбұзушылықтарға бірден ден қоюы тиіс. Бұл құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.
Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының соңында Үкімет басшысы Президент бекіткен тұжырымдаманы сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, қауіпсіз орта қалыптастыру ісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін қарастыру, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресту күшейту мен отандастарымызды алаяқтардан қорғау бойынша түбегейлі шараларды қабылдау міндеттері бар.
Авторы: Риат Шони.