Қызылордада жоғалған адамды жасанды интеллект іздейді

Қызылордада жасанды интеллектінің көмегімен хабар-ошарсыз кеткен 91 адам табылды, деп хабарлайды 24KZ. Оның 35-і – балалар. Облыстық прокуратураның бастамасымен өңірде «АйТи Тергеу» жобасы қолға алынған. Бұл жаңашылдық заң мен тәртіп аясындағы жұмысты жүйелендуріге мүмкіндік ашып отыр.

Жасанды интеллектінің мүмкіндектерін барлық салада тиімді пайдалану туралы Президент тапсырмасы бар. Осыған орай өңірде «АйТи Тергеу» жобасы қолға алынды. Оның аясында төрт ақпараттық-талдау бағдарламасы енгізілген. «Жоба іске қосылғалы із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарды табу, алаяқтарды ұстау, қылмыс ашуға айтарлықтай оң әсер етті», – дейді мамандар.

Алмас Балтабайұлы, қалалық полиция басқармасының «Киберпол» бөлімінің тергеушісі:

- Өңделген ақпаратқа сай қолданылған абоненттік номерлер кімдерге тиесілі екені және тұрғылықты мекенжайын анықтап, тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізеді. Қазіргі таңда аталған бағдарламалар тиісті оң нәтиже көрсетуде, қылмысты ашуда тиімділігін арттырып жатыр. 

Облыс көлемінде тіркелген қылмыстың бестен бір бөлігі алаяқтықпен байланысты. Оның дені интернет арқылы жасалады. Осындай деректерді дер кезінде анықтау үшін 50 полицей мен 30 прокуратура қызметкері арнайы курстан өткен.

Ризабек Ожаров, Қызылорда облысының прокуроры:

- Бағдарламаның көмегімен жоба іске қосылғаннан бүгінге дейін хабар-ошарсыз кеткен 91 тұлға, оның ішінде 35-і кәмелетке толмаған кезекші тәулікте табылды. Қылмыс барысында қолданылған мыңнан астам ұялы телефон номерлерін тексеру арқылы 151 қылмыс пен 2 киберқылмыстық топ әшкереленді. 62 қылмыскер ұсталып, алаяқтықпен келтірілген залал бүгінгі күнге 456 миллион теңге тергеу барысында өндірілді. Мұның барлығы оңды көрсеткіштер ретінде бағаланып отыр.

Мамандар «АйТи Тергеу» жобасы аз уақытта жақсы нәтиже көрсетті деп баға беріп отыр. Үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдеав.