90 жастағы әже зілтемір көтере алады

Әлемдегі ең қарт зілтемірші Тайваньда тұрады. Тіпті ол жарыстарға қатысады.

Чең Ченге елдің бәрі риза. Әжейдің жасы 90-да. Бірақ ол 35 келі зілтемірді еш қиналмай көтере береді. Белі, тізесі мен қолының қары мықты. «Рейтер» агенттігінің жазуынша, кейуананың ауыр атлетикамен айналыса бастағанына бір жылдан енді ғана асты. Былтыр оған Паркинсон ауруы бар диагноз қойылған. Өмірге құштар жан немересінің кеңесіне құлап асып, зілтемірді серік ете бастады.

Чең Чен, зейнеткер:

- Зілтемірді көтергенде етімнің жай қызарғаны болмаса, еш жерім ауырмайды. Барлық қарт замандастарымды дене жаттығуын жасауға шақырамын. Бұл аса қиын шаруа емес. Зілтемір көтерумен шұғылданғанға дейін денем ауыр тартып жүретін. Қазір өзімді жеңіл сезінемін. Жеңіл салмақтан бастадым. Кейін бірте-бірте қостым.

Әжей өз замандастарының арасындағы жарыстарға да қатысады. Мұндай сайыстар 70-тен асқан қарттар арасында өтеді. Олар 45 келіге дейін көтереді. Кейінгі күш сынасудың өзіне 45 үміткер қатысқан. Ұйымдастырушылар: «Осылайша біз халықтың қартаюын тежеуге көмектесеміз», – дейді. Зілтемір көтерген қариялар бұлшық етін жоғалтпай, емін-еркін қозғала алады.

Чэн Ю-Шао, жаттықтырушы-физиотерапевт:

- Біз қарттарға еңкейіп, отырып-тұратын жеңіл жаттығу жасатамыз. Бұл кезде бұлшық етіп жиырылып, белсенді жұмыс істейді. Зілтемір көтеріп шыныққан қариялар аяғына нық тұрып үйренеді. Бұл жастағы қарттар аяғын дұрыс баса алмай, құлап қалып жатады ғой.

Қазір Тайвань қоғамы жылдам қартайып барады. Елдің ұлттық даму кеңесі 2025 жылы жасы 65-тен асқан қарттар 23 миллион халықтың 20%-ін құрайды деп болжайды.

Авторы: Ернат Рахметолла.