Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалы артты

Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы тасмалданған жүк көлемі артты. Биылғы жылдың 11 айында 29,3 млн тонна тауар тасымалданды.

Бұл былтырмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Сонымен қатар контейнер тасымалы да 1 миллионнан асты. Енді 2025 жылы елдегі инвестициялық климатты қалыптастыру мақсатында теміржол инфрақұрылымының аясы кеңи түседі. Қазір ел аумағында Достық-Алашанькоу, Алтынкөл-Қорғас, Бақты-Аягөз сияқты бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Осының арқасында қазақ-қытай арасында транзиттік пойыздар саны көбейеді. Достық-Мойынты теміржолы құрылысы аяқталғанда ондағы бекеттердің өткізу мүмкіндігі 4 есеге дейін ұлғайып, тәулігіне 60 пойызға дейін қатынайды. 

Ерік Әубәкіров, «ҚТЖ» АҚ Қытайдағы өкілі:

- Алтынкөл-Қорғас бағытындағы теміржол құрылысын келер жылдың шілде айында аяқтау жоспарда. Бұдан бөлек Бақты-Аягөз үшінші теміржол өткелінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жүк тасмалын 20 миллион тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оңтүстікте Орталық Азия бағытындағы жолдар кеңейтілуде. Ел орталығында "Балхаш-Мойынты" қосымша теміржол тармағы салынады. Мұнда екі қабатты контейнер тасымалдайтын пойыздар жүреді деп күтілуде. Жалпы 2025 жылдан бастап инфрақұрылымның негізгі үш бағытын дамытуға күш салынды. Локомативтер мен вагондар, жұмысты жүйесін автоматтандыру, қайта тиеу тораптық станциялары және магистралдық теміржол желілері салынады. Бұл инвестициялық климатты жақсарта түседі.