АҚШ-та орман өрті мен бораннан 12 адам қайтыс болды

Америка Құрама Штаттарында табиғат тосын мінез көрсетіп, елдің шығысы кейінгі 10 жылда болмаған қар құрсауында қалса, батысында орман өрті дес бермей тұр. Лос-Анджелес округінің Шериф департаментінің мәлімдеуінше Итон өртінен бес адам ажал құшқан. Ал Канзас, Миссури, Иллинойс штаттарындағы қарлы бораннан 7 адам опат болды.

Жылдамдығы сағатына 160 шақырымға жететін жел, құрғаған ағаштар, соңғы айлардағы жауын шашынның аз түсуі Калифорнияда жылда қайталанатын орман өртін биыл тіптен өршітіп жіберді. Жаһандық жылынумен еселене түскен тілсіз жау осы жолы штаттың 6 бірдей аймағында 11 мың гектардан астам жерді күлге айналдырып үлгерді. 160 мың адам эвакуацияланғанымен, өртті ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр.

Энтони Марроун, Лос-Анжелес округінің Өрт сөндіру департаменті басшысы:

- Өңірдегі өртті сөндіру үшін Лос-Анжелес қаласымен бірге Калифорния штатының өрт сөндіру құрылымдары түгел жұмылдырылды. Қазір лаулаған жалынмен 500-ден аса өрт сөндіруші күресіп жатыр. Бірақ тілсіз жауды әлі ауыздықтай алмай отырмыз. 1000-нан аса ғимарат жанып кетті.

Жомарт Смат, тұрғын:

- Бізге түніменен төтенше жағдай қызметкерлерінен СМС-хабарламалар түсіп жатыр. Өрт осы Лос-Анжелес қаласының шетінде орналасқан Санта-Моника, Пласентия, Пласадина аудандарына жеткен. Үйлер өртеніп, сол орманнан қашқан жабайы аңдар елді мекендердің ішінде жүр деген ақпараттар бар.

Кюртис, тұрғын:

- Жағдайымыз өте қиын. Қолда бар мүлкіміздің бәріннен айырылдық. Жалғыз мен ғана емес, осы ауданның барлық тұрғыны қатты зардап  шекті. Дәл мұндай апатты Лос-Анжелес бұрын соңды көрмеген.

Осындай қиын сәтте жапа шеккен тұрғындарға қолду көрсету үшін ел президенті Джо Байден де өңірге келді. Федералды үкімет залал келген дүниелерді қалпына келтіру үшін бар күшін салатынын айтып, халықты шыдамды болуға шақырды. Ал сарапшылардың айтуынша жел басылмай өртті ауыздықтау мүмкін емес.

Линдон Пронто, Еуропа орман институтының өртпен күресті басқару саласы бойынша аға сарапшы:

- Ең қиыны Санта Ана желінің әсері болып отыр. Ол  құрлықтан мұхитқа қарай соққандықтан бұлттарды айдап, ылғал болмай өсімдіктің бәрі құрғап, тез тұтанғыш болып тұр. Бұған жаһандық жылынудың әсерін қосыңыз. Себебі 1980 жылдардан бері Калифорниядағы құрғақ маусым уақыты екі есе созылып кеткен.

Калифорния жұрты осылай алапат өртпен арпалысып жатса елдің орталығынан шығысына қарай қар бораны күшейіп, 200 мыңнан астам тұрғын қуат көзінсіз қалды. Жапалақтап жауған қар мен көктайғаққа байланысты кей штаттарда төтенше жағдай жарияланды. Канзастағы әуежай жұмысы кідіріп, жол көлік қозғалысы қиындады. Вашингтон қаласында мектептер жабылып, азаматтардың біразы қашықтан жұмыс істеуге ауысқан. Ал метеорологтар осы аптаның аяғында АҚШ-тың орталығы мен шығыс жағалауында боран күшейе түседі деп болжап отыр.