Өзбекстанда қаржылық аударымдарға шектеу енгізіледі

Мобильді аударымдар тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де бақылауға алынды, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, Өзбекстан билігі салықтан әдейі жалтаратындармен күресті күшейту мақсатында жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қаржылық аударымдар бойынша шектеу қоймақ. Ресейде де осыған ұқсас жағдай.

Өзбекстанда былтырғы 10 айда жеке тұлғалар 59 млн долларға қаржылық аударым жасаған. Бұл 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Жалпы өзбек елінде мұндай транзакцияларға салық салынбайды. Алайда кіріс ретінде декларациялануы тиіс. Ал салық есептілігі уақытылы тапсырылмаса, мерзімі кешіктірілген әр күн үшін салық сомасының 1%-і мөлшерінде үстемақы қосылады. Алайда қарыздың жалпы сомасы салықтың 10%-інен аспауы керек. Өз кезегінде төлемнен әдейі жалтарғандарға 20%-ке дейін айыппұл салынады. Көлеңкелі экономикамен күрес мақсатында былтыр Өзбекстанның Ұлттық банкі мен салық комитетіне деректермен алмасу ұсынылды. Сол арқылы құзырлы органдар жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің жылдық лимитті асырғанын біліп отырады.

 

Ресейде салықтан жалтарғандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін

2024 жылдың алғашқы жартысында Ресейдің бақылау органдары 36 қылмыстық іс қозғап, 1,5 млрд рубль салық берешегін өндіріп алды. Билік салықтан жалтаратындармен күрес аясында қаржылық аударымдарға қатысты бақылауды күшейтті. Заңды бұзғандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері салық сомасының кемі 20%-ін құрайды. Міндетті төлемнен қашып жүргендерге салықтың 40%-і мөлшерінде айыппұл төлеуі керек. Сонымен қатар олар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Үндістанда криптовалютадан түскен табысқа салық салынады

Үндістанда криптовалютадан түскен табысқа 30% мөлшерінде салық салынады. Ел билігі көлеңкелі бизнеспен күрес мақсатында 2022 жылдан бері криптонарықты қатаң бақылауға алған. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар арасындағы қаржылық аударымдарға да салық салынады. Сондықтан құзырлы органдар мұндай транзакцияларды жіті бақылайды. Заң бұзған азаматтар бірден айыппұл арқалайды. Тіпті түрмеге қамалып, 7 жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.