Сингапурда есірткі сатқандар өлім жазасына кесіледі
Американдықтар есірткімен күреске жыл сайын бір жарым триллион доллар жұмсайды.
АҚШ экономикасына бұл айтарлықтай салмақ. 10 күннен кейін Президент қызметіне кірісетін Дональд Трамп есірткімен күресті күшейтпек. Ал Ауғанстан билігі бұл бағытта алғашқы жетістікке жетті. Мұны халықаралық қауымдастық мойындап отыр. Әлем елдерінде есірткімен күрес қалай жүргізіледі?
Ауғанстан апиынның ең ірі өндірушілерінің бірі. Әлемдік қара нарықтағы үлесі 80 пайызға жуықтайды. Бірақ 2021-жылы билік басына тәліптер келгелі есірткі өндірісіне қажетті көкнәр өсіретін алқаптардың ауданы 22 есе кішірейді. Сөйтіп, 2023 жылы апиын өндірісі 95 пайызға азайды. БҰҰ-ның өкілдері мұны ірі жетістікке балап отыр. Бірақ былтыр жағдай өзгерді. Негізгі табыс көзінен айырылған фермерлер биліктің тыйым салуына қарамастан қайтадан көкнәр өсіре бастаған. Сондықтан халықаралық ұйымдар есірткі саудасына тосқауыл қою үшін жергілікті шаруаларға қаржылай көмек көрсетуді ұсынып отыр.
Д. Трамп есірткімен күресті күшейтпек
Ал АҚШ-та 50 жылдан бері "Есірткімен күрес" атты мемлекеттік бағдарлама іске асады. Бірақ кейінгі жылдардағы статистика оның тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Мысалы, былтыр амермикалықтар арасында кең тараған фентанилден елде 107 мың адам көз жұмған. Ал кейінгі 5 жылда синтетикалық есірткіден кісі өлімі 4 есе артқан. Сол үшін жаңадан сайланған Президент Дональд Трамп Мексикадан келетін барлық тауарға 25 пайыз баж салығын енгіземін деп отыр. Өйткені фентанилдің көп бөлігі осы елден келеді. Саясаткер бұл есірткімен күресті күшейтіп қана қоймай, заңсыз мигранттардың нөпіріне төтеп беру үшін қажет дейді.
Сингапурда есірткі сатқандар өлім жазасына кесіледі
Есірткімен күресте қатаң жаза қолданатын елдің бірі Сингапур. Мұнда тыйым салынған зат саудасымен айналысқандар өлім жазасына кесіледі. Билік осындай қатаң тәртіптің арқасында Сипгапур әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарына кіретінін айтады. Бірақ халықаралық қауымдастық бұл адам құқықтарын бұзу деп биліктің ұстанып отырған саясатын қатаң сынға алады. Халықаралық Эмнести Интернейншл ұйымының дерегінше 1991-2011 жылдар аралығында елде 450-ге жуық адам өлім жазасына кесілген. Солардың 70 пайызы есірткіге қатысты қылмыс үшін сотталғандар.
Жулдыз Атагельдиева, Сандуғаш Байқуаныш