Әлемнің алпауыт компаниялары технологиялық жетістіктерін таныстырды

Жыл өткен сайын технологияның түр-түрі шығып жатыр.

Лас-Вегастағы көрме соның дәлелі.

Мұнда әлемнің жетекші компаниялары халық назарына робототехника, ұялы байланыс, көлік жасау және тағы басқа салалардағы ең озық инновацияларын ұсынды.

Биыл Лас-Вегастағы технологиялық көрменің шымылдығы NVIDIA басшысы Дженсен Хуангтың жобасымен ашылды. Әлемде ең үздік графикалық процессорларды шығарумен әйгілі болған компания бұл жолы көпшіліктің назарына роботтар мен өзін өзі басқаратын машиналарды оқыту жүйесін ұсынды. Сонымен қатар бейне ойындар мен фильмдердің графикасын дайындайтын жаңа чиптерді таныстырды. Яғни жасанды интеллект көмегімен ойын жасаушылар күн сәулесін айнытпай шығара алады. 

Ауқымды іс-шарада дүниежүзінде смартфондар мен теледидарларды ең ірі өндіруші саналатын Samsung Electronics компаниясы Ақылды үй жобасын таныстырды. Ол адамдардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған. Соған сай компания тоңазтқыштан бастап, кір жуғыш машина, теледидар, сағаттардың барлығын жасанды интеллектке негіздеп шығармақ. Олар күнделікті шаруаны ғана істеп қоймай, адамға ақыл-кеңестер бере алатын болады. Мысалы, түн ішінде ыстығыңыз көтеріліп, мазаңыз кетсе, қолыңыздағы сағат дене қызуыңызды өлшеп, қандай дәрі қабылдау керектігін көрсетеді.

Көпшілікке көліктерімен танымал Toyota бірлестігі болса ғарышқа ұшатын зымырандарды құрастыруға ниетті. Компания осы мақсатта жапондық Interstellar Technologies (IST) стартапына 44,4 миллион доллар көлемінде инвестиция салған. Осылайша, ірі автоөндіруші компания ғарыш саласына ден қойып жатқанын білдірді. Toyota ұшыру қондырғыларынан басқа ғарышкерлерді Ай бетіне жеткізе алатын ғарыш кемесінің жобасын көрсетті. Бірлестік оны жапон ғарыш агенттігімен бірлесіп NASA басқаратын Artemis бағдарламасы арқылы жүзеге асырмақ ойда.

Енді тракторлар адамның басқаруынсыз жүре береді. Бұл әлемдегі ең ірі ауылшаруашылық жабдықтарын өндіруші Deere & Co компаниясының жобасы. Бірлестіктің тың технологияны жасап шығаруына ауылшаруашылық саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі түрткі болған. Әсіресе трактор жүргізушілерін табу қиын көрінеді. Осы себепті компания мәселені автоматтандыру арқылы шешуді жөн көрген. Көрмеде ауыр жүк көлігі мен шөп шабатын машинаның нобайы таныстырылды.

Фариза Жанғанаева