Түркияда инфляция біртіндеп бәсеңдеп жатыр

Түркияда инфляция біртіндеп бәсеңдеп келеді, деп хабарлайды 24kz.

Елдің статистика институтының мәліметі бойынша өткен желтоқсан айында оның деңгейі 45%-ке жуықтаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ке төмен.

Жергілікті билік алдағы жылдары қымбатшылықты толық шешеміз деп уәде беріп отыр. Бірақ кей тұрғындардың көңілі күпті.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда соңғы бірнеше жылда инфляция халықтың әл-ауқатына айтарлықтай әсер етті. Әсіресе, азық-түлік бағасының ай сайын көтеріліп, тұрғын үй нарығындағы қымбатшылық ауыр соғуда. Түркия статистика институтының мәліметінше, былтырғы осы уақыт аралығымен салыстырғанда бағаның ең көп өсуі білім беру саласында тіркелді. Мұнда инфяция 91,64%-ке дейін жеткен. Одан кейін тұрғын үй, тамақтану және қонақ үй мен денсаулық саласында байқалады. Инфляция деңгейі ең төмен деген сала тасымалдау секторының өзінде баға өсімі 25,88%-ті құрап отыр.

Блиц 1:

- Жылда жалақымыз көтеріледі. Бірақ инфляциядан көп ұзамай ақша құнсызданып, азайып қалады. Қазір ата-анаммен бірге тұрамын. Ақшаны барынша үнемдеп жұмсауға тырысамын.

Блиц 2:

- Иә бағалардың өсуі күнделікті өмірге көп әсер етіп отыр. 4 балам бар. Былтыр инфляция алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама төмендеген сияқты болғанымен әлі де жоғары.

Дегенмен, Түркия билігі түрлі шараларды қолға алып, қымбатшылықпен күресті жалғастырып келеді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық сала өкілдерінің жалақысын көтеріп отыр. Соңғы бес жылда ең төменгі жалақы 741% өскен.

2022 жылы оның мөлшері екі рет көтерілген. Қаңтар айында 50,5, ал шілдеде 29%-ке артты. 2023 жылы сәйкесінше, 54,6 және 34%, 2024-те 49, ал биыл тағы 30%-ке көтеріліп, 22 104 лираға дейін жеткен.