Газа секторында екі күнде 70 адам қаза тапты
Газа секторында кейінгі екі тәулікте Израиль әскерінің атқылауынан 70 палестиналық қаза тапты, деп хабарлайды 24kz.
Тағы 100-ден астам кісі жарақат алды. Олардың көбі әйел мен бала. Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Олардың айтуынша, үйінділер астында әлі де адамдар бар. Бірақ Израиль күштері оларды құтқаруға рұқсат бермей отыр.
Еске сала кетейік, жыл басынан аймақта 74 бала қақтығыстың құрбаны болған. Жалпы Израиль Газаға басып кіргелі 46 мыңнан астам палестиналық шабуылдан мерт болып, 110 мыңға жуық адам зардап шекті.
Або Мохаммед Али, жергілікті тұрғын:
- Израиль әскерінің бомбалауынан бейбіт тұрғындар қырылып жатыр. Газада босқан халықтың бас сауғалайтын қауіпсіз жер жоқ. Израиль күштері аймақты қайта-қайта зымыранмен атқылайды. Бүгінгі шабуылдан әйелім екеуміз Құдай сақтап аман қалдық. Бірақ ертең біздің, мына бейкүнә жандар сияқты мерт болмайтынымызға кім кепіл?