Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт бітім жобасы әзірленді

Катарда Таяу Шығыстағы атыс-шабысты тоқтату туралы келісімнің қорытынды жобасы әзірленді, деп хабарлайды 24kz.

Оны дайындауға Израильдің барлау қызметі, Катар мен АҚШ тарабы қатысқан. Еврей елі мен палестиналық ХАМАС ұйымы арасындағы бітім туралы құжат екі кезеңнен тұрады. Алғашында екі жақ тұтқындарды босату керек. Артынша Газа секторында оқ ату тоқтап, еврей елі өз әскерін әкетуі тиіс. Әзірге жанжалдасушы тараптар бітімге қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. 2023 жылдың соңынан бері Египет, Катар және АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен ХАМАС арасында атыс-шабысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіліп келеді. Екі жақ тек бір аптаға ғана оқ атуды доғарған. Бұған дейін тараптардың көңілінен шығатындай құжат әлі әзірленген жоқ.