Әлемде халықтың 33%-ы интернет арқылы сауда жасайды
Әлемде халықтың 33%-ы, шамамен 2 млрд 800 млн адам интернет дүкен арқылы сауда жасайды. Бұл бөлшек сауда-саттықтың 21%-ы. Алдағы екі жылда көрсеткіш 22,6%-ға дейін өседі деген болжам бар. Тұтынушылар арасында Қытай, АҚШ және Ұлыбританияның ірі сауда платформалары сұранысқа ие. Бұл елдер сатып алушыларға қандай озық тәжірибе ұсынады?
Әлемде ең ірі электрондық коммерция нарығы Қытайда қарқынды дамыған. Көршіміз Alibaba, JD.com және Pinduoduo сияқты ірі платформаларымен танымал. Мұнда тұтынушылардың 70%-ы мобильді қосымша арқылы сауда жасайды. Өйткені жеткізу жылдам, төлем жасау жеңіл әрі қауіпсіз. Қытайлық маркетплейстердің жылдық сауда айналымы - 3 трлн доллар. Бұл - әлемдік онлайн сатылымның шамамен жартысы.
Онлайн саудаға Америкада да сұраныс жоғары. АҚШ-тың электрондық коммерция бойынша жылдық түсімі 1 триллион доллардан асады. Америкалық тұтынушылардың дені танымал Амазон платформасы арқылы тапсырыс береді. Статистикаға сүйенсек, әлем бойынша дүкеннің сайтына ай сайын 2.5 млрд адам кіреді. Мұнан соң маркетплейс бойынша Wallmart, Apple интернет дүкендері озық тұр.
Еуропа бойынша онлайн сатып алу Ұлыбританияда бірізді жолға қойылған. Жергілікті халықтың шамамен 87%-ы керек-жарағын интернет дүкеннен тапсырыс береді. Өйткені корольдікте жеткізу қызметі жақсы жетілген. Төлем жүйесінде кедергі жоқ. Бұл тұтынушымен берік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сатып алушылар арасында Amazon UK, Sainsbury's пен Tesco бренді танымал. 2023 жылы электрондық саудадан мемлекет бюджетіне 196 млрд доллар көлемінде кіріс кірді. Алдағы 3 жылда онлайн коммерция 6,4%-ға өседі деген болжам бар.
Инновациялық коммерцияға ден қойған тағы бір ел – Оңтүстік Корея. Шығыс Азиядағы алпауыт онлайн шопингке әу бастан әуес. Өйткені сымсыз жылдам интернет байланысының аясында халықтың көбі цифрлық сауатты. 94%-ы ғаламторды тұрақты қолданады. Ал 70%-ы сауда жасау үшін дүкен аралап, табан тоздырмайды. Тапсырысты онлайн береді. Әсіресе 20 мен 40 жас аралығындағы тұрғындар онлайн сауда жасауға бейім.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.