Корея президенті тергеушілердің сұрағына жауап бермеді. LIVE

Оңтүстік Кореяда кеше қамауға алынған ел президенті Юн Сок Ёльдің тергеуі жалғасып жатыр.

Еске салайық, оған бүлікке шақыру және өкілеттігін асыра пайдалану айыптары тағылған. Себебі былтыр 3 желтоқсанда Юн елде әскери жағдай жариялаған болатын.

Алайда бірнеше сағаттан кейін Парламент бұл шешімді жойды. 14 желтоқсанда депутаттар мемлекет басшысына импичмент жариялап, сот оны қамауға алу ордер берді.

Президентке тағылған айыптар бойынша тергеу қалай өтіп жатыр?

Владислав Цой, тілші:

– Қайырлы күн! Кеше таңертең Президентті жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасына жеткізгеннен кейін, оны түскі үзіліспен қоса алғанда, шамамен 10 сағат 40 минут бойы тергеді. Прокуратура көлемі шамамен 200 бет сұрақтар дайындаған. Алайда Юн Сок Ёль бұл сұрақтарға жауап бермей: «Мен сұрақтарға жауап беруден бас тарту құқығымды пайдаланамын», – деп мәлімдеді. Еске сала катейін Президенттік лауазымына дейін Юн Бас прокурор және Сеулдің орталық ауданының прокуроры болып қызмет атқарған. Сол кезде бұрыңғы Президенттерге 2018 жылы Пак Кын Хеге, ал 2020 жылы Ли Мён Бакқа қатысты сыбайлас жемқорлық айыптарын жариялаған болатын. Сондықтан ол өзінің құқықтарын жақсы біледі және жауап беруден бас тартуға құқығы бар екенін түсінеді. Тергеушілер Юн Сок Ёльді  бүгін де тергейді. бірақ ол тағы жауап беруден бас тартуы мүмкін. Тергеу сағат 14:00-ге ауыстырылды. Себебі прокуратура Юнның денсаулығына байланысты оны кейінге шегеру туралы өтінішін қанағаттандырды.  Оның адвокатының айтуынша, Президенттің денсаулығы нашар, ал кеше ол өзінің ұстанымын жеткілікті түрде мәлімдеді. Адвокат Мемлекет басшысы қамауға алынардың алдында жазған хатты меңзеп отыр. Ол хатта Юн оппозицияны Парламент сайлауының нәтижелерін бұрмалады деп айыптады. Сондай-ақ елді төтенше жағдайға, яғни әскери уақытқа теңестірілген жағдайға жеткізген ірі оппозициялық партияның әрекеттеріне байланысты әскери жағдай енгізуге шешім қабылдағанын тағы да мәлімдеді. Сондай-ақ Юнның қорғаушылары сотқа қамауға алудың заңдылығын тексеру туралы өтініш бергенін атап өткен жөн. Президенттің адвокаттары Сеулдің Батыс аудандық сотының қамауға алу ордерін шығаруға бұл істің айрықша юрисдикциясы жоқ екенін алға тартты.  Бүгін осы мәселе бойынша сот процесі өту керек. Егер қамауға алу заңсыз деп танылса, Юн Сок Ёль бостандыққа шығуы мүмкін. Сонымен қатар, Юнның резиденциясы орналасқан Ханнамдон ауданындағы оның жақтастары Квачхон қаласына келіп, Президентті дереу босатуды талап етіп митинг өткізіп жатыр. Полиция жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасына кіреберістерді жауып тастады.