Америкалықтар Лос-Анджелес мэрінің орнынан кетуін талап етіп жатыр
АҚШ-тың Калифорния штатындағы орман өртінен көз жұмғандар саны 27 адамға жетті. Тағы 26 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Лос-Анджелес округінің шерифі «Іздеу-құтқару операциясы әлі жалғасып жатыр, сондықтан құрбандар cаны өсуі мүмкін» деп ескертті.
От әлі толық сөндірілген жоқ. 7 қаңтардан бері шамамен 17 мың гектар жер күлге айналған. Метеорологтар: «Аймақтағы тілсіз жау алдағы аптаға дейін ие бермеуі мүмкін», – дейді. Өйткені сағатына 120 шақырым жылдамдықпен күшті жел соғып тұр. AccuWeather жекеменшік метеорология компаниясының мәліметі бойынша табиғи апаттан келген шығын көлемі 275 миллиард доллардан асады. Сондай-ақ Калифорнияның бас прокуроры штатта төтенше жағдай кезінде бағаны 10%-тен асырмау туралы заңның барын ескертті.
Калифорниядағы өрт кезінде бағаны көтергендер жауапқа тартылады
Роб Банта, Калифорния штатының бас прокуроры:
- Ашкөз кәсіпкерлер, пәтерін жалға берушілер, қонақүйлер мен түрлі алаяқтар оңай табыс табуға тырысып жатыр. Олар қазіргі қиын жағдайды пайдаланып, өрттен зардап шеккендерді майшелпек қылғысы келеді. Бұл алаяқтық және тонау әрекеті. Сондықтан біз ондай арамза адамдарды міндетті түрде жауапқа тартамыз.
147 мың адам Лос-Анджелес мэріне қарсы петицияға қол қойды
АҚШ тұрғындары Лос-Анджелес қаласының мэрі Карен Бассқа орнынан кетуді талап етіп жатыр. Осы мақсатта Change.org сайтында арнаулы петиция жарияланды. Қазіргі сәтке дейін оған 147 мың адам қол қойған. 150 мың жеткен соң арыз-тілек, үлкен қоғамдық мәнге ие болады. Америкалықтар Лос-Анджелес басшысы қаланы өртке дұрыс дайындамаған, салаға бөлінген қаржыны 17 миллион долларға қысқартқан. От алғаш тұтанған 7 қаңтарда Гана елінде сапарда жүрді және қайтуға асықпады деп айыптайды. Оның үстіне елдің Ұлттық метеорология қызметі Калифорния штатындағы күн райы қолайсыз әрі қауіпті болатынын алдын ала ресми түрде ескерткен.