Робот көмегімен адамның өкпесі ауыстырылды
Әлемде жыл сайын адам ағзасын алмастыру бойынша 115 мыңнан астам операция жасалады. Бұл күрделі процесс. Оны жеңілдету мақсатында кейінгі жылдары медицинада жаңа технологиялар қолданылып келеді. Иә, жер бетінде бірі өкпеге, бірі бауыр мен жүрекке мұқтаж миллиондаған науқас бар. Оларды емдеу үшін қазір қандай тәсілдер қолданылады?
Робот көмегімен адамның өкпесі ауыстырылды
Былтыр әлемде алғаш рет робот көмегімен науқастың екі өкпесі ауыстырылды. Операция өкпенің созылмалы обструктивті ауруы деген диагноз қойылған 57 жастағы науқасқа жасалды. Хирургтер операция үшін Da Vinci XI роботтық жүйесін қолданған. Яғни қабырға арасын кесіп, өкпені алып тастау кезінде, сондай-ақ донордан жаңа өкпені алу үшін қолданды. Роботпен бірге жасалған операция төс сүйегінің жарақатын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген. Әдеттегі 8 дюймдік кесудің орнын робот 2 дюймдік ұзындыққа айналдырған. Жалпы әлем бойынша 7 мыңға тарта da Vinci роботтары қолданыста жүр. Оны жүйелі пайдалану үшін 50 мыңнан астам хирург арнайы оқытылған. Бұл жүйе заманауи медицинада танымал болмағанымен, қателіктер барын да жасырмайды дәрігерлер.
«Робот үш негізгі хирургиялық операцияны орындауға үйретілген. Ол инені ұстауға, тіндерді жылжытуға және тігістерді тігуге қабілетті. Арнайы әзірленген модельдің арқасында робот бұл дағдыларды тәжірибелі хирургпен салыстыруға болатын деңгейде игерді» — Роберт Монтгомери, Нью-Йорк университеті трансплантология институтының директоры.
Болашақта бас трансплантациясы жасалуы мүмкін
Адамның ағзасы түгіл бас бөлігін бір сәтте ауыстыруға болады. BrainBridge жобасының авторлары осылай дейді. Нейрология және биомедициналық инженерия саласындағы жоба әлемдегі алғашқы бас трансплантациясын жүзеге асырмақ. Олар жобаның 3D моделін дайындап, оның қалай жұмыс істейтінін жариялады. Операцияны толығымен роботтар жасайды. Яғни қондырғы бір уақытта екі денеге қатар ота жасайды. Трансплантация кезінде жүйке мен жұлынның зақымданбауы қатаң қадағалануы тиіс. Егер осы жерден қателік кетсе, басын ауыстырған кез келген адамның өзі мойыннан төмен сал болып қалуы мүмкін. Жоба авторлары бұл жүйе емделмейтін қатерлі ісік Альцгеймер және Паркинсон сияқты нейродегенеративті аурулардан зардап шегетін науқастарға жаңа үміт сыйлайтынын айтады.
«Жасанды интеллектінің мүмкіндігін барынша пайдаланып, медицина ғылымының шекарасын кеңейткіміз келеді. Егер техникалық-экономикалық негіздемелер жақсы нәтиже берсе, алдағы 8 жыл ішінде алғашқы операцияны жасауға кірісеміз. Бұл бірнеше жыл бұрын елестету мүмкін болмаған медицинадағы тың әдіс болмақ» — Хашем Әл-Гайли, Brainbridge жобасының жетекшісі, биотехнолог.
Әлемде миллиондаған адам жаңа ағзаға мұқтаж
Адам бөтен адамның ағзасымен ұзақ өмір сүре алады. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мәселен, бүйрегін ауыстырған жандар 45 жыл, бауырын ауыстырғандар 38 жыл, жүрегін ауыстырғандар 29 жыл жер басып жүре алады деген дерек бар.
Ал қазір әлемде шамамен миллионға жуық адамға донорлық мүше керек. Бірақ әр оныншы адам ғана қажет мүшеге қол жеткізіп, ота жасатады. Оған себеп – донор тапшылығы. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барша адамзатты өзге адамға өмір сыйлауға шақырады. Оны насихаттау мақсатында жыл сайын әлем елдерінде түрлі шаралар өтеді. Жалпы әлемде ағза донорлығы бойынша Испания көш бастап тұр. 2023 жылы бір миллион адамға 48 мың 900 донор тіркелген.