Ресейде 3D-принтермен үй жасау дамып келеді
Ресейде үйді 3D-принтермен жасау кең қолданысқа енді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл үйлер нарықтағы баспанадан 2 есе арзанға түседі. 3D-принтермен үй қалай салынады?
Ернат Рахметолла, тілші:
- 3D-принтермен үй салу үшін жоғары технологиялы жабдық керек. Оны дайындау үшін Мәскеу облысындағы кәсіпорынға 4 жыл қажет болды. Бетоннан кез келген пішінді жасауға әртүрлі уақыт кетеді.
Мысалы, сауыт немесе сәкі әзірлеуше бірнеше сағат, көлік тұрағын жасауға 1 апта, ал үй тұрғызуға 1 ай кетуі мүмкін.
Роман Архангельский, 3D-принтер өндіретін компанияның бас директоры:
- Үйдің бөлшектерін ұстап тұру үшін арматура саламыз. Сосын сыртынан көбік уретан қоямыз. Бұл үйді жылыту үшін қажет.
3D-принтерлі үйдің бір ерекшелігі – байланыс желілері тура құрылыс кезінде тартылады. Соңында тек терезе мен есік қойылады. Негізі 3D-принтер 1980 жылдардың басында шыққан. Кейінгі жылдары ол тіптен қарқын ала бастады. Қазір Ресейде бұл технология кеңінен таралып жатыр.
Инвесторлар да көп қаржы құюға дайын.
Евгений Подлипенский, Мәскеу облысы инвестициялар, өнеркәсіп және ғылым министрінің орынбасары:
- Жалпы инвестиция көлемі 320 млрд рубльден асады. Бұл өз кезегінде 30 мың жұмыс орнын ашуға себеп болған. Осы қарқынмен әлемдік нарыққа да шығуымызға болады.
3D-принтер үйді салу мерзімін қысқартып қана қоймай, сондай-ақ баспана бағасын 3 есеге дейін арзандатуға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ сапасы төмендемейді.
Авторы: Ернат Рахметолла