Ұлықтау рәсіміне дайындық. LIVE
Бірнеше сағаттан кейін Вашингтонда АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтеді.
Дәстүр бойынша әдетте мұндай шара Капитолий ғимаратының сыртында өтетін. Ал бүгін күннің суықтығына байланысты Ақ Үйге қайта оралған саясаткердің ант беру рәсімі іште ұйымдастырылды. Жалпы бүгінгі инаугурациядағы ауа райы - соңғы 40 жылдағы ең суық күн деп болжады метеорологтар. Осыған байланысты Трамп шара жоспарын өзгертті.
- Ауа райы қаншалықты суық? Вашингтондағы ұлықтау рәсімі алдындағы көңіл-күй қалай?
- Дональд Трамп президенттігінің алғашқы күні-ақ біраз саяси шешімдер қабылдайтынын мәлімдеген еді. Қазір қандай өзгерістерден хабарыңыз бар?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Метеорологтар болжамына сай, күн райы расымен суып кетті.
Бүгін сынап бағанасы - 6-дан -15 Цельсий градусқа дейін төмендейді. Оған желдің ызғарын қоссаңыз, сүйектен өтер суық болатын сияқты. Осыған байланысты Дональд Трамп өткен жұмада жақтаушыларының денсаулығын ойлап, жоспарын өзгерткен еді. Ант беру рәсімі Капитолий ішіне ауыстырылды. Бізге белгілі жоспар бойынша Трамп алдымен Әулие Джон шіркеуіне барып, артынша жолдың қарсы бетіндегі Ақ Үйге ат басын бұрады. Дәл қазіргі уақытта Джо Байден жұбайымен дәстүрге сай Трамптар отбасын қонақ етіп, сол Ақ үйде шай ұсынып жатыр.
Одан кейін мына картада көріп тұрғандарыңыздай, Трамп Ақ Үйден Капитолий ғимаратына ант беру үшін барып, ұлықтау рәсіміне қатысады. Қауіпсіздік департаментінің осы бір картасында қою қызылмен белгіленген аймақта көлік қозғалысы шектелген. Ал алқызыл түсті жерлерде жаяу жүргіншілер жүре алмайды. Маңызды нысандар қасындағы метро станциялары да жабылды. Елдің түкпір түкпірінен 25 мың әскер тартылды. Потомак өзені де 30ға жуық қарауыл кемелерінің бақылауында.
Ұлықтау рәсімі кезінде қалада көлік қозғалысы өзгереді
Ақ үй
Пенсильвания даңғылы
Капитолий ғимараты
Қою қызыл түс – көлік қозғалысы шектеледі
Алқызыл түс – жаяу жүргіншілер қозғалысы шектеледі
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Және осындай 2 жарым метрлік биіктігі бар 50 шақырымға созылған қоршаулар да қойылды. Трамптың жақтастарына әскерилер мен құпия қызмет өкілдерінің барынша көп тартылғаны да, Жаңа жыл кезіндегі Жаңа Орлеандағы лаңкестік оқиға да, суық ауа райы да кедергі емес сияқты. Өздерінің пікіріне құлақ түрсек.
Шериз Мозер, АҚШ азаматы:
- Электронды түрде жылитын шұлықтан екі қабатын киіп алдым. Тура солай Ю-Эз-Би арқылы жылытатын кеудешемді, шалбарымды кидім. Бәрінің жылытқыш әсері бар. Қысқы етік, шапан бәрі дайын. Суыққа толықтай дайынмын.
Грэг Донован, АҚШ азаматы:
- Таңғы бестен осында жүрмін. Арасында ғимарат ішіне кіріп жылынып аламын. Президент билейтін биді де бірге билегім келіп, асығып отырмын. Біраз би қимылдарын үйреніп алдым. Трамп көріп, маған қол бұлғайды деп үміттенемін.
Кристина Леос, АҚШ азаматы:
- Бұл менің өмірімдегі ең тамаша күн. Алдыңғы әкімшіліктің билігі аяқталғанына, Ақ Үйге Трамптың оралғанына қуаныштымын. Енді экономикамыз жақсара түсетініне сенімдімін.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Трамп өзінің биімен біраз адамның жүрегін жаулағаны анық. YMCA әні барлық инаугурациялық шараларда қойылып жатыр. Одан бөлек ант беру рәсімінде Кэри Андервуд есімді әнші «Көркем Америка» әнін орындайды. Бір қызығы әнұранды міндетті түрде шырқау керек деген шарт жоқ. Соның барлығына алдағы уақытта куә болмақпыз.
- Дональд Трамп президенттігінің алғашқы күні-ақ біраз саяси шешімдерді қабылдайтынын мәлімдеген еді. Қазір қандай өзгерістерден хабарыңыз бар?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Инаугурацияға дейінгі біраз қызық кеше Вашингтондағы Capital One Аренасында өтті.
Трамп АҚШ-қа TikTok желісін қайтарды
Трамптың жаңа командасынан миллиардер Илон Маскты көруіміз мүмкін. Ол бүгінгі шараға ерекше баласы Эксті ертіп келді. Айта кетейік, бұрынғы Твиттер, қазіргі Х желісінің иесі Фэйсбук, Инстаграм, Уатсап, Тикток, Гугл басшыларымен бірге бүгінгі ұлықтау рәсіміне қатысады. Кеше АҚШ бойынша істемей қалған Тикток бүгін жанданып жатыр. Осыған қарап елдегі мәселелер тез шешіліп жатқандай әсер береді. Бұнысын жақтастарымен кездескенде Трамп екпін салып бірнеше рет айтты. Сол сәтке құлақ түрсек.
Дональд Трамп, АҚШ-тың 47-президенті:
- Дүйсенбіден бастап елімізде бар барлық проблеманы барынша жылдам шешуге күш саламын. Ант бермей тұрып, Тиктокты қайтарып бердім ғой. Таяу Шығыста бейбітшілікті орнату үшін соғыс әрекеттерін тоқтата алдық. Байден президент болып жасай алмағанды, мен президент болмай тұрып жасадым. Америкалықтар маған сенім артты. Дауыс берді. Сол үшін Ақ Үйге кіре салғандағы жұмысымның алғашқы күні, алғашқы аптасы, алғашқы жүз күнін АҚШ тарихында болған барлық президенттерден де мықты етіп өткіземін.
Трамп қызметінің алғашқы күнінде бірнеше бұйрыққа қол қоймақ
Әрі бүгінгі күнге мәлім әкімшілігінде 13 миллиардер бар. Олардың жалпы байлығы 460 млрд доллардан асады. Бұл әлемдегі біраз елдің ЖІӨ-нен де асып кетеді. Салыстыру үшін айтайын, Байден әкімшілігінің жалпы байлығы 118 млн АҚШ доллары болды. Қалталылар Трамптың қанжығасын майлай ма, әлде қарапайым америкалықтарға қолғабыс бола ма, оны алдағы уақытта көрерміз. Бірақ біршама маңызды бұйрықты бірер сағаттан кейін естуіміз әбден мүмкін. Бірқатарын Трамп былай деп хабарлады.
Дональд Трамп, АҚШ-тың 47-президенті:
- Президенттігімнің алғашқы күнінен-ақ сіздерге ұнайтын бұйрықтар шығаруды жоспарлап отырмын. Дүйсенбі кешке біздің шекараны заңсыз кесіп өткен келімсектерден құтылу бойынша тапсырма беремін. Ұлықтау рәсіміндегі жолдауымда шекараны қалай қатайтатынымды ашық айтамын. Бұл шекарамызға қатысты ең қатаң жолдау болады.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бұл жерде Трамп Чикаго қаласында басталатын заңсыз мигранттарға қарсы үлкен рейдті де меңзеуі мүмкін. Бұл тексеріс АҚШ тарихындағы ең ауқымды әрі қымбат депортация әрекетінің алғашқысы болмақ. Сондай ақ 47-президент АҚШ-та дүниеге келген сәбилерге азаматтық беру мәселесін де майшаммен қарап, алып тастауға бекініп отыр. Бұдан бөлек Байден қабылдаған біраз заңдардың күшін жоямын деп те уәде берді. Күші жойылатын жарлықтар қатарында Климатқа қатысты Париж келісімі де болатын сияқты. Трамп алғашқы мандатында АҚШ-ты одан шығарып алғаны есімізде. Артынша Байден келіп, АҚШ-ты қайтадан Париж келісіміне қосты. Алдағы күндері келісімнен бас тартатын сияқты. Себебі Трамп климатқа зиян келтіреді деп көрсетілетін мұнай газ индустриясына зор көңіл бөлуді жоспарлар отыр. Бұл әлемдік мұнай бағасына, нарығына да әсер етеді. Трамптың өзі айтқандай, алдағы уақытта америкалықтар теледидардан көз ала алмайтын қызық дүниелер де болғалы түр. Бұны біз де мұқият бақылаймыз.