Түркияда тау-шаңғы шипажайындағы өрттен 66 адам қаза тапты. LIVE
Түркиядағы тау-шаңғы шипажайындағы өрттен қаза тапқандардың саны артты. Тағы бірнеше адам ауруханада ауыр халде жатыр.
Өкінішке орай, Түркияның Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау- шаңғы демалыс орнындағы қонақүйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан 66 адам қаза тапты.
Жарақат алғандар да баршылық. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, арасында балалар да бар. Қазір мектептерде қысқы демалыс уақыты. Тілсіз жау таңғы уақытта 12 қабаттық қонақүйдің мейрамханасында тұтанған. Жалын бір сәтте ағаштан жасалған ғимараттың басқа бөліктерін шарпыған. Тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасып жатыр. Елдің ақпарат басқармасы жергілікті БАҚ-ты жалған мәлімет таратпауға шақырып отыр. Әзірге өрттің себебі белгісіз. Оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Жаңа ғана жеткен ақпаратқа сәйкес қонақүйдің иесімен бірге 4 адам ұсталған.
Кемал Мемишоглу, денсаулық сақтау министрі:
- Өрттен 66 азаматымыз қаза тауып, 51 жарақат алды. Оның біреуінің жағдайы ауыр. 17 адам ауруханадан емделіп шықты. 34 азаматымызға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қайтыс болған азаматтарымызға Алладан рахым тілей отырып, жақындарына көңіл айтамыз. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Оқиғадан кейін бірден 38 жедел жәрдем, 14 құтқару бригадасы және 163 медицина қызметкері жұмылдырылды. Екі төтенше әрекет ету бөлімшесі құрылды.
Мехмет Нури Ерсой, мәдениет және туризм министрі:
- Қонақүйдің классификациясы 2021 және 2024 жылдары жасалды. Осы тексерулер барысында кәсіпорын ашу, пайдалану лицензиялары және өртке қарсы біліктілік лицензиялары тексерілді. Қонақүйде өрт сөндіру бөлімі берген өртке қарсы біліктілік сертификаты бар. Тергеу процесі жалғасып жатыр.
Өрт жергілікті уақытпен таңғы сағат 03:30-дарда шыққан. Тап осы уақытта демалушылардың дені ұйқыда жатқан.
Оянып үлгергендер өрт сөндірушілер келгенге дейін төсек жабындыларын бір біріне байлап, төменге түсіп аман қалған. Жалпы 2200 биіктікте тау-шаңғы курортында орналасқан 500 кісілік қонақүйде 234 демалушы болған. Әзірге қаза тапқан немесе зардап шеккендердің аты- жөні анықталған жоқ. Дегенмен алдын ала ақпарат бойынша Қазақстан азаматтары жоқ.
Айта кеткен жөн, «Карталкая» тау-шаңғы курорты – Түркияның қысқы туризм орталықтарының бірі. Бұл жер Ыстамбұл мен Анкарадан шамамен 3 сағат қашықтықта орналасқан.