Шетелден жылжымайтын мүлік сатып алатын қазақстандықтар көбейді

Кейінгі жылдары шетелден жылжымайтын мүлік сатып алатындар көбейді, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр қазақстандықтардың біразы Таиланд, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркия секілді елдерден дан үй алған.

Жалпы шет елдерде баспана мәселесі қалай?

Тұрғын үй мәселесі кез келген елде өзекті. Әр елде тұрғын үй мәселесін шешуге арналған түрлі бағдарлама бар.

 

Франция жұрты үй алу үшін жылдап кезектеп тұрады

Франция. Париж.. Әлемдегі ең көрікті шаһардан баспана алу үшін миллиондаған француз 6-7 жылдап кезекте тұрады. Елдегі әлеуметтік тұрғын үй санатына «Ашелемдер» жатады. Оның аумағы 80 шаршы метр. 4 бөлмелі пәтер, шамамен 2-3 адам тұрады. Алайда оған қол жеткізу де оңай емес. Мәселен, Париждегі аудандардың бірінен үй алу үшін, айлық табыс 2100 еуро болуы керек. Теңгемен 1 миллиондай. Ал, 4 адамнан тұратын отбасы Париждің шет аймағынан пәтер алғысы келсе, айлық табысы 4600 еуро, ал қалған өңірлерде 3600 еуро болуы керек. Табысы сәйкес келгендер қаладағы кез келген бөлімшеге барып, құжатын өткізе алады. Әлеуметтік тұрғын үйдің ай сайынғы төлемі үйдің сапасына байланысты. Әдетте ондай үйдің бағасы нарықтағы бағадан екі есе төмен болады.

 

Америкалықтардың көбі жалдамалы пәтерлерде тұрады

Өз үйің өлең төсегің. Десе де, бұл пікірге америкалықтар келіспейді. Өйткені олар пәтер жалдап тұрғанды жөн көреді. Статистикаға сәйкес, америкалықтардың шамамен 40%-і үйді жалға алады. Бұл баспана алуға қаражат жетпегендіктен емес, артық шығындарға бас ауыртқысы келмегендіктен. Бір жағынан елде экономика тұрақты болғандықтан, бұл тұрғындар үшін тиімді. Ал, тұрақты баспаналы болғысы келетіндерге АҚШ федералдық билігі қолжетімді баспана алу үшін субсидия береді. Қаржылай көмек үй иелеріне ипотекалық несиелер бойынша салық шегерімдері түрінде беріледі.

Lang Fevelopment Group компаниясының тұрғын үй бойынша сарапшысы:

- Жалдамалы пәтерде тұру адамдар үшін әлдеқайда тиімді. Өйткені олар 30 жыл бойы бір жерде тұрып қалмай, әртүрлі салаларда өздерін сынап көруі мүмкін. Қазір нарықта пәтерлер бәсекеге қабілетті. Өйткені оның артықшылықтарын тұрғындар көбірек бағалайды.

Өмір сүру сапасының жоғары деңгейіне байланысты, Монако, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея және Қытайда тұрғын үй бағасы қымбат.

 

Қытайда тұрғын үй қымбат

Қытайда қолжетімді баспана бағдарламасы табысы орташа және төмен отбасыларға арналған. 1998 жылы Құрылыс департаменті Қаржы министрлігімен бірлесіп «Қолжетімді қалалық тұрғын үй құрылысын басқару әдісі» бағдарламасын енгізді. Ол жылдық табысы 30 000-70 000 юаннан аз, отбасындағы адам санына және нақты аймаққа байланысты болған. Housing Provident Fund бағдарламасы қолжетімді баспанаға арналған тағы бір бағдарлама. Ол арқылы ақша жинап, үй алуға болады. Сондай-ақ зейнетақы шотына байланысты субсидияланған жинақ бағдарламасын, ипотека бойынша субсидияланған мөлшерлемелерді және тұрғын үй сатып алу кезіндегі жеңілдіктерді қамтиды.