Қызылордадағы ықшам аудандардың бірінде жайлы мектеп ашылды

Қызылордадағы ықшам аудандардың бірінде «Жайлы мектеп» ашылды.

Бұған дейін 950 бала ескі жатақхана ғимаратында оқып келді. Жалпы ұлттық жоба аясында облыста 21 "жайлы мектеп" салынуы тиіс. Соның 10-ы биыл пайдалануға беріледі.

КБИ ықшам ауданының оқушылары 30 жылдан бері бұрынғы жатақхана ғимаратында білім алып келді. Ұзақ жылдар бойы түйіні тарқамаған мәселе «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін тапты. Ескі нысан сүріліп, орнына жаңасы салынды. 600 орынға арналған білім ұясы заманауи талапқа сай жабдықталған, дейді ұстаздар.

Еркін Ақшалов, мектеп директоры:

- Мектебіміз 600 орындық. Екі ауысымға 1200 бала сияды. Барлық сынып бөлмелері, балалардың екі спорт залы бар, бастауыш сыныптарынан бөлек жоғары сынып оқушыларына бөлек асхана үлкен сыйымдылықта қаралған. Барлық жағдай жасалған бұл жерде.

Ақгүлім Әбдіхалықова, оқушы:

- Заманауи кітапхана, іс-шара өткізуге арналған акт залы, арнайы жабдықталған кабинеттер біздің білім алуымыз үшін толыққанды бейімделген.

«Жайлы мектептің» аумағы 9 мың шаршы метрге жуық. Білім ордасы озық технологиялар шоғырланған инновациялық орталық ретінде де жұмыс істейді. 

Асқарбек Есжанов, білім басқармасының басшысы:

- Жайлы мектептер негізі апаттық мектептерді жоюға және үш ауысымдық мектептерді болдырмау және олардың алдын алу бағытында қолға алынды. Негізі бұл жоба екі жылға арналған, сондықтан биылғы жылы толық 10 мектепті бітірсек, алдағы 2 жылда 21 мектеп толық пайдалануға берілетін болады.

Бұл өңірде ашылған төртінші «Жайлы мектеп». Жыл соңына дейін осындай 10 білім ұясын пайдалануға беру көзделген.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев