Грекияда шаруалар шеруге шықты

Грекияның Кардица қаласында шаруалар бас көтерді.

Олар жүздеген тракторлармен елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын күрежолды жауып тастаған. Кейінгі жылдары грек шаруалары аптап ыстық, су тасқыны және өрт сияқты табиғи апаттардан қатты зардап шегіп, үлкен шығынға батты. Үкімет төтенше жағдайға тап болған кәсіпкерлерге тиісті көлемде көмек көрсете алмай отыр. Өнімге баға төмендеген, өндіріс шығыны ұлғайған және импорттық тауарлармен бәсекелестік күшейген. Шаруалар осы қиындықтармен күресте үкімет көмектеспей отыр дейді. Былтыр ақпанда грек белсенділері тракторларын ел астанасы Афинаға дейін апарып, парламент алдында шеру өткізген болатын. Бірақ мәселе әлі шешімін таппай келеді.

Джиоргос Аггелу, шаруа:

"Біз жылда ереуілге шығуды әдетке айналдырдық. Мұндай қадамға еріксіз барып отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа шенеуніктер бізге уәдені үйіп төгіп береді. Бірақ орындауға келгенде өте сараң. "Даниель" дауылы соқты, егіс алқаптарымыз 3 метр судың астында қалды. Алайда бұл төтенше жағдайды ескеріп жатқан ешкім жоқ. Біздің наразылық қозғалысымыз күннен күнге күшейіп жатыр. Үкімет бізді осал деп ойламасын. Біз барлық талабымыз орындалмайынша, берілмейміз."