Балқашта дәрігер тапшылығы шешімін тауып келеді
Балқаш қаласында дәрігер тапшылығы шешімін тауып келеді.
Былтыр ауданаралық көпсалалы аурухана 30 жас маманмен толықты.
Оларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Әр дәрігерге бес миллион теңге мен баспана берілді.
Әбибулла Шәкенбай Балқашқа былтыр қазан айында Тараздан келді. Жас маман жергілікті ауруханада травматолог боп еңбек етеді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан емдеу мекемесінде күрделі операциялар да жасап жүр.
Әбибулла Шәкенбай, травматолог:
- Қазіргі уақытта осы больницаның деңгейінде жасалынатын барлық операция түрлеріне мүмкіншілік беріліп жатыр жасауға. Және де қандай да бір құжат жұмыстары болса , түсіндіру жағынан әкімшілік тарапынан көмек көрсететін болса, соның барлығын көмектесіп жатыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Мына ескі ғимарат 30 жылдан бері қаңырап бос тұрған еді. Өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Мұндағы пәтерлер еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген медицина мамандарына берілді. Қазір мұнда 30 жас маман тұрып жатыр.
Дәрігерлер үйінен Әбибулланың отбасы да пәтер алды. Жұбайы Ләззат аурухананада акушер-гинеколог. Ерлі-зайыптыға мемлекеттен 5 миллион теңгеден көтермеақы да берілді.
Ләззат Садықова, акушер-гинеколог:
- Бізге келгелі жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Бізге 3 бөлмелі пәтер берілді. Ішінде керекті жабдықтар орнатылған. Жиһаз, техника жанында.
Тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін биыл ауданаралық ауруханаға 30 жас маман жұмысқа қабылданды. Олар елдің өзге өңірлері мен Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келгендер. Одан қалды резидентурада оқып жүрген 12 дәрігер де осында келуі тиіс. Бұл маман тапшылығын жойып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға негіз болады, - дейді аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков.
Серікбол Түсіпбеков, Балқаш қаласы ауданаралық көпсалалы ауруханасының директоры:
- Тапшылық деңгейі азайды. Бір кездері неонатолог, реаниматолог мамандар тапшы еді, биыл ондайға тапшылық жоқ. Біз ол мамандарды толығымен жаптық деп айтуға болады. Қазіргі уақытта енді бізге отбасылық дәрігер, жалпы тәжірибе дәрігері, инфекционист 2 дәрігер керек, сәулелі диагностика дәрігері керек. Сонымен қатар терапевтер керек.
Аурухана Балқаш қаласының 80 мың тұрғынына және маңайдағы Приозерск қаласы мен Ақтоғай ауданына қарасты ауылдарға қызмет көрсетеді. Жаңадан келген жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін оларды Израиль, Канада, Ресей сынды медицинасы дамыған елдерге оқуға жібереді. Жалпы Қарағанды облысы бойынша қазір 64 дәрігер жетіспейді, деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасы.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков