БАӘ: Рамазан айына дайындық басталды

Біріккен Араб Әмірліктерінде қасиетті Рамазан айына дайындық басталып кетті.

Елдің ірі қалалары ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, сауда орындары жеңілдік акциясын жариялап жатыр. Биыл әмірліктегі компаниялар ораза ұстап, ауыз бекіткен жамағатқа қолайлы жұмыс кестесін ұсынуға  ниетті. Білім беру мекемелері де сол тәжірибеге сүйеніп, оқыту бағдарламаларын ықшамдауды көздеп отыр. Қазір Дубайда көне шығыс мәдениетіне негізделген Рамазан базары жұмыс істейді. Ол ескі шаһардың Дейра ауданында орналасқан. Ежелгі тұрмыс-тіршілікті еске түсіреді. Ораза айына арналған тауар, азық-түлік және киімнің сан алуан түрі саудаланып жатыр. Сондай-ақ тақырыптық концерт пен қойылым, арабтың ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырылған. «Жалпы Рамазан базарының басты мақсаты – ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу», - дейді ұйымдастырушылар. Олардың айтуынша, сауда орнында үлкен де, кіші де бас қосып, мазмұнды уақыт өткізуге жағдай жасалған.

Мұхамед Тарек, Рамазан базарының өкілі:

-Бұл іс-шараны қаңтардың 25-і күні бастадық. Алдағы 1 ай бойы жалғасады. Араб және парсы халықтарының тарихында Рамазан базары әуелден болған. Мұны қасиетті айға әзірлік деуге де келеді. Оның барысында күн сайын ұлттық тағам және киім фестивалінен бастап, концерттік қойылымға дейін ұйымдастырылады. Мәжіліс деп аталатын жерде үлкендер кеңес құрады.