Childfree: жапондардың үйінде баладан гөрі мысық көп
Жануарларға деген қамқорлық жақсы, әрине. Дегенмен батыс елдері ит пен мысықты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып жіберген жоқ па? Өйткені әлем елдерінде балалы болудан гөрі үй жануарларын асырауды қалайтындар көбейіп барады. Заманауи тілмен мұны «чайлдфри» субмәдниетінің өкілдері дейміз. Бұл ұғым бізге таңсық болғаны соншалық, оның қазақша баламасы жоқ. Мағынасы саналы түрде балалы болудан бас тарту, еркін өмір сүру дегенге саяды. Жалпы бұл ұстанымның белең алуына не түрткі?
Бұл ұстанымның ауыр салдары демографиялық дүмпуге әкеп соғады. Сәйкестікті қараңыздаршы, мұндай идеологиямен өмір сүретіндер бала туу көрсеткіші төмен елдерде көп. Енді бұл жөнінде сарапшылар не дейді?
Америкалықтар ақшасын ит-мысығының күтіміне жұмсайды
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары америкалық ерлі-зайыптылардың 40%-і балалы болса, бұл көрсеткіш 2012 жылдан кейін 20%-ке азайған. Бір қызығы, осы жылдар аралағында АҚШ Еңбек статистикасы бюросы ел азаматтарының үй жануарларына көбірек ақша жұмсағанын анықтаған. Яғни оның күтімі бар, тамағы бар, тағысын тағы. Ғалымдар әдетте «чайлдфри» қатарына отбасылық құндылықтар туралы көзқарасы толық қалыптаспаған жастар жиі қосылатынын айтады. Оларға ұрпақ қамы емес, қара бастың еркіндігі жайлы пәлсапа көбірек әсер етеді. Өйткені адамзат қазір ақпарат заманында өмір сүріп жатқандықтан, әралуан контентті қабылдайды. Бірі ит пен мысықты жалғыздықтан жанына серік етеді. Ал енді бірі ата-ана атанғысы келмейді. Оған экономикалық және психикалық факторлар әсер етуі мүмкін.
Мика Вандерсалл, тұрғын:
- Менің Рокки мен Нина атты екі мысығым бар. Олармен уақытты неғұрлым көп өткізсем, соғұрлым өзімді жақсы сезінемін. Бар уайымымды ұмытамын. Көңіл күйім әркез көтеріңкі жүреді.
Жапондардың үйінде баладан гөрі мысық көп
Жануарды баласындай көретін елдің бірі – Жапония. Балаға қарағанда үй жануары көп ел дерсіз. Ит-мысықтың саны 19 миллионнан асса, 15-ке толмаған 15 миллион бала бар. Осыған қарап-ақ, Жапонияның демографиясы артта қалып бара жатқанын байқауға болады. Өйткені баланың күтімі, оқуы десе жапондықтардың төбе шашы тік тұрады. Экономикасы тұрақты, технологиясымен әлемде таңқалдырып келе жатқан жапондықтар балалы болуға құлықсыз. Онымен мемлекет күресіп те келе жатыр. Десе де елде 100 жылдық мерейтойын тойлаған 50 мыңнан астам адам өмір сүреді. 1 миллионға жуық хихикомор бар. Яғни қоғамдық өмірден өз еркімен бас тартқан адамдар.
«Жапонияда салық төлемдері жоғары. Тұрғын үй бағасы қымбат. Жақсы әрі жайлы өмір сүру үшін жапон әйелдері табысты болып, мансапта көтерілуді көздейді. Әрі еңбекқор халық болғандықтан жұмысқа деген жауапкершілікті құрметтейді. Осыған байланысты балалы бола алмайтын немесе өз қалауына сенімді емес жапондықтар үй жануарлары арқылы біреуді тәрбиелеу мен күтудің эмоционалды қажеттілігін үй жануарларын асырау арқылы өтейді» — Седзо Сибуя, әлеуметтік психолог.
Таяуда ғана жапондықтар әлемдегі ең қарт қоғам санатына кірді. Ал еуропалықтар кәрі құрлықтың тұрғындары атанғанына ғасырлар өтті.
Әр бесінші еуропалық ит асырайды
Иә, Еуропаға бара қалсаңыз, коляскасымен бала емес, ит-мысықтарды сүйретіп жүргендерге кезіксеңіз, таңғалмаңыз. Әр бесінші еуропалық үй жануарын асырайды. Ең көбі Францияда. 8 миллион ит, 9 миллион мысық бар. Сәнқой француздар иттеріне шыттай киіндіріп алып, серуендегінді жақсы көреді. Статистикаға сүйенсек, франциялықтар үй жануарын күтіп-баптауға айына 8 мың еуро жаратады. Теңгемен 4 миллиондай. Халық ит-мысығының жағдайын жасап әлек, ал билік бала туу көрсеткішін көтере алмай, бас қытырып келеді. 2023 жылы 678 мың сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 7%-ке аз. Бұл ретте былтырдан бастап балалы болғандарды алты айлық демалысқа шығару шаралары қолға алынды. Жалпы бұл мәселе Германия, Италия, Испания елдерінде де өткір тұр.
2 жыл бұрын Үндістан халық саны жөнінен Қытайды басып озғанын білеміз. Ал бұл елдің бала тумағандарды жазалайтынын білесіз бе? Үнді жұртының қалыптасқан салт-дәстүріне сай әйел дүниеге ұрпақ әкелуге міндетті. Егер бала көтере алмаса, жауапқа тартылады. Осыдан 3 жыл бұрын ата-енесі келіні немере сыйламағаны үшін ұлымен қосып сотқа береді. Тіпті 65 мың доллар көлемінде өтемақы төлеуін талап еткен.
Әрине, әр елдің салты басқа. Ұстанымы әртүрлі. Дегенмен бала адамзатқа ортақ құндылық болғандықтан, оның орнын жануармен теңестіруге келмес.