АҚШ-та мигранттар Трампқа қарсы шеру өткізді

АҚШ-тың Оклахома қаласында бір топ азамат президент Дональд Трамптың мигранттарды депортациялау шешіміне қарсы шеруге шықты. Жиналғандар наразылық шарасын Оклахома штатының білім басқармасының алдында өткізген. Өйткені келімсектерді анықтау тексерістері мектептерде де жүргізіле бастады. Ереуілшілер «Мектеп депортацияға емес, білім алуға арналған» деген ұран сөздер ұстап алған. Бұл аймақта көбіне испан тіліндегі мигранттар тұрады. Олар Гватемала, Мексика мен Венесуэладан бас сауғалап келгендер.

«Блумберг» агенттігі барлық заңсыз мигранттарды елден қуу АҚШ-тың жалпы ішкі өнімін 8%-ке төмендеп, экономика әлсірейді деп жазды. Биліктің мәліметі бойынша Құрама Штаттарда 11 миллион келімсек құжатсыз жүр.

Райан Уолтерс, мектеп директоры:

- Оклахома штаты Байденнің кезінде мигранттардың балаларын оқытуға 474 миллион доллар жұмсады. Біз мектептерде қанша мигрант бала екенін білуге тиіспіз. Бұл жоғарыдан берілген тапсырма. Оны орындамау менің құзыретіме кірмейді. Құқық қорғау органының қызметкері келіп, ақпарат сұраса, біз ол ақпаратты беруге заң алдында міндеттіміз.