Қытай суды үнемдеудің озық технологиясын қолданады
Әлемде дамыған біраз ел климаттың өзгеруі, халық санының артуы себепті суды үнемдеудің заманауи әдісін енгізе бастады.
Шығыстағы көршіміз бұл істе көп елден озық. Кейінгі жылдары Қытай әр өңірінде су қоймалары, ирригациялық жүйелер мен су тазарту қондырғыларын салып, игілігін көре бастады.
Қытайда су үнемдеу мен сумен жабдықтауға арналған 172 ірі жоба жұмыс істеп тұр. Соның бірі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Дашися су ресурстарын басқару жобасы. Қазір жобаның алғашқы кезеңі мәресіне жетті. Бөгет құрылысы аяқталып, енді су қоймасын толтыруға дайындық жүріп жатыр. Бөгеттің биіктігі 247 метр, бұл шамамен 80 қабатты ғимаратқа тең. Ал қуаттылығы 750 мың кВт. Көлемі 1,17 миллиард текше метр. Әлемдік стандартқа сай бетонмен қапталып жабдықталған. Жоба толық аяқталғаннан кейін жылына 1,8 миллиард кВт/сағ таза электр энергиясын өндіреді. Сарапшылардың айтуынша, сондай-ақ ауыл шаруашылығын суару жүйесінде де кәдеге жарайды.
Ли Ян, Дашися су ресурстарын басқару жобасының бас инженері:
- Дашися су қоймасы жобасы аяқталғаннан кейін біз тасқын кезіндегі артық суды қоймаға жинап, төменгі ағыстағы 540 мыңдай гектар сумен ауыл шаруашылығы алқабын суара аламыз.
Суды бақылаудың интеллектуалды жүйесі іске қосылды
Қытайдың Фуцзянь провинциясында су ресурстарын басқару жұмыстарына сандық технология қолданылады. Бұл аймақтағы суды бақылау саласында іске асырылған алғашқы жоба. Интеллектуалды жүйе тіршілік көзін басқару, өзен-көлдерде тасқынның алдын алу сынды мүмкіндікке ие. Су айдындарындағы ахуалды желіге жүктеп, өзгерістен хабар беріп отырады. Демек, технология су инспекторларының жұмысын жеңілдетіп, өзен-көлді бақылаудың тиімділігін арттырады.
Чэнь Баохуо, Чанлэ халық саябағының өзен инспекторы:
- Бұл Чанлэ халық саябағының жанындағы өзен арнасы. Таңғы сағат 8 жарым шамасында өзеннен қоқыс табылғаны туралы хабарлама алдым. Дереу осында келіп, онымен күрес жұмыстарына арнайы топ құрдық. Толық тазаланғаннан кейін барлық жағдайды интеллектуалды басқару жүйесіне жүктеп қойдық. Өзгеріс болса, жүйе дереу дабыл қағады.
Гидроэлектростанция сирек кездесетін балықтарды қорғауды қолға алды
Ал Юньнань провинциясында жұмыс істеп тұрған гидроэлектростанция сирек кездесетін балықтарды қорғау жобасын жүзеге асыра бастады. Бастама өзендегі қуаңшылық мәселесін шешіп, биоәртүрлілілікті қорғауды көздейді. Жалпы су электр стансасы пайдалануға берілгелі қытайлықтар су астындағы сирек кездесетін тіршілік иелерін қолдан көбейту әдісін меңгеріп, оны сәтті жүзеге асырды. Енді су жануарларын ғана емес, сирек кездесетін өсімдіктерді көшіру арқылы экожүйені сақтау жұмыстарын да жүргізбек.
Әсия Нұрлыбаева