Үнді шаруалары цифрлық құралдарды аз қолданады
Еуроодақ бюджетінен ең көп қаржы бөлінетін сала - ауыл шаруашылығы.
Бірақ шағын фермерлер агросубсидияның қызығын көрмейміз деп налып отыр. Ал үндістандық шаруалар цифрлық құралдарды қолдануда белсенді емес, оның үстіне мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнді іске аспай отыр. Ал Бразилияда саяси тұрақсыздық кесірінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген ақша игерілмей қалған.
Үндістанда цифрлық құралдарды қолданатын шаруа аз
Үндістан экономикасы үшін ауыл шаруашылығы саласының маңызы зор. Мемлекет күріш, бидай мен қанттың ірі өндірушілерінің бірі. Бұл өнімдер негізінен сыртқа экспортталады. Сондай-ақ бір жарым миллиардқа жуық тұтынушысы бар ішкі нарықты қамтамасыз ету керек. Сондықтан билік ауыл шаруашылығы саласын қолдауға тырысады. Мәселен, "Астықты бөліп таратудың қоғамдық жүйесі" деп аталатын бағдарлама бар. Бірақ бастама дұрыс іске асырылмайды. Оған жемқорлық, қаржыны тиімсіз басқару, жергілікті деңгейде бақылаудың дұрыс жүргізілмеуі, азық-түлікті бөліп таратуға қажетті инфрақұрымның тапшылығы, өнімді сақтау және тасымалдауға қатысты қиындықтар себеп. Бүған қуаңшылық секілді климаттың өзгеруінің салдарын қосыңыз. Сосын Үндістан цифрландыру жағынан өзгелерден артта қалып отыр. Мысалы, Қытайда фермелердің тең жартысы цифрлық құралдарды қолданады. Ал үндістандық шаруалар арасында ол көрсеткіш 8 пайызға жуықтайды.
Еуроодақта агросубсидиялар шағын шаруаларға жетпей қалады
Еуроодақ бюджетінің үштен бірі ауыл шаруашылығы бағдарламаларын субсидиялауға жұмсалады. Бірақ сонда да қаржыланжыру жүйесі шаруалардың көңілінен шықпай отыр. Өйткені ақша жер көлеміне қарай бөлінеді. Содан қыруар қаражаттың 80 пайызы ірі агроөнеркәсіптік кешендерге түседі. Ал шағын шаруашылықтар бәсекеге қабілетсіз боп барады. Әсіресе астық пен сүт өнімдерін өндірушілер қатты зардап шегеді. Еуроодақ фермерлерінің қайта-қайта ереуілдер ұйымдастыруының бір себебі де осы. Олар субсидиялау жүйесін қайта қарауды талап етуде. Әйтпесе 2040-жылға қарай одақта 6 жарым миллион ферма жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Бразилияда саяси тұрақсыздық азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етті
Бразилияда «Больса Фамилия» атты бағдарлама іске асады. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 2023 жылы бастама 21 миллион отбасына көмектескен. Бұл бағдарлама аясында фермерлерге субсидиялар бөлу де қарастырылған. Бірақ дұрыс бақылау жүргізілмегендіктен ақшаның біраз бөлігі игерілмей қалған. Сарапшылар бұл жағдайға кейінгі жылдардағы саяси тұрақсыздық әсер еткенін айтады. Содан азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, өзге де ұзақ мерзімді бағдарламалардың іске асырылуы жағынан қиындықтар туындаған.
Жулдыз Атагельдиева