Әлемде биыл мұнайға сұраныс артуы мүмкін

Әлемде мұнай бағасы құбылып тұрады, деп хабарлайды 24kz.

Біраз мемлекет осы шикізаттан көл-көсір пайда тауып, экономикасын өрістетіп отыр.

Иә, жер астындағы иен байлық ақшаның көзі. Бірақ мұнайдың бағасы төмендеп кетсе, бұған дейін өзге секторға бас ауыртпаған, өндіріс, өнеркәсібін дамытпаған, тек осы «қара алтынға» сеніп отырған елдердің халі нашарлай түседі. Біздің ел де осыған жақын.

Бұған дейін әркім әр саққа жүгіртіп «қара алтын» бағасы төмендейді деген еді. Бірақ биыл мұнайға жаһандық сұраныс артады. ОПЕК ұйымы осылай деп болжайды. Мұның себебі не?

Себебі әуе тасымалы мен көлік құралдарының қатары көбейе түспек.

Биыл мұнайға сұраныс артып, күніне 106 млн баррельге жетуі мүмкін. Былтыр көрсеткіш орташа есеппен 104,6 млн баррель болатын. Жалпы қазір нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Жыл басында Brent маркалы «қара алтынның» құны өткен жылдың қазан айынан бері алғаш рет барреліне 80 доллардан асқан еді. Қазір 76 долларға арзандады. Мұнай бағасының күрт өсіп төмендеуі негізінен геосаяси шиеленістерге байланысты. Таяу Шығыстағы мұнай өндіруші елдерге қатысты кез келген әскери іс-қимылдың күшеюі бағаға әсер етеді. Мәселен былтыр, жыл аяғында әлемдік мұнай жеткізу күніне 2 млн баррельге қысқарып, мұнай бағасы 92 долларға күрт қымбаттады. Ал, биыл Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне орта есеппен 84 доллар болады деген болжам бар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда небәрі 5%-ке жоғары.

 

Биыл мұнайға сұраныс артуы мүмкін

Мұнай нарығының ең ірі тұтынушысы автокөліктер. Rystad Energy бағалауы бойынша былтыр мұнайға жалпы әлемдік сұраныстың 41,7% жеңіл және жүк көліктердің тиесілі болған. Оның 15,5%-і мұнай химиясы, 6,9%-і әуе тасымалы, 35,9% өзге де салаларды қамтыды. Алайда, сарапшылар келесі онжылдықта мұнайға деген жаһандық сұраныс құлдырайды деп болжайды. Өйткені әлемдегі мұнай көлемінің 40%-ін тұтынып отырған Қытай электромобильдер көптеп шығаруына байланысты бұл шикізаттың қажеттілігі азаюы мүмкін.

Сарапшылардың көпшілігі мұнайға әлемдік сұраныстың өсуі тоқтайды деп болжайды. Дегенмен, белгілі бір уақытқа дейін жалпы сұраныс күрт төмендеп кетпейді және бұл кезең ұзақ созылуы да мүмкін.

 

АҚШ-та бензинге сұраныс артады

Мұнай өнімдеріне келетін болсақ, биыл АҚШ-та бензинге сұраныс тәулігіне 30 мың тоннаға өседі деген болжам бар. Дизель отыны мен авиакеросин өндірісі тәулігіне 20 мың тоннаға артады. Жалпы Еуропалық одақ, АҚШ пен Жапонияның дамыған экономикаларының мұнайға деген сұранысының төмендеуіне қарамастан, бұл мемлекеттер әлі де осы ресурстың едәуір көлемін тұтынып отыр. Отынға сұраныс артқан сайын мұнай бағасы қымбаттай береді. 2 апта бұрын Brent маркалы мұнай барреліне 77,32 долларға дейін көтерілді. АҚШ-тағы West Texas Intermediate мұнай бағасы 74,30 долларға дейін қымбаттады. JPMorgan сарапшылары бұл өсімді санкциялардың күшеюіне, мұнай қорының төмендігіне және АҚШ пен Еуропаның көптеген бөліктеріндегі төменгі температурамен байланыстырады.