Қытайда дрон такси жаппай қолданысқа енгізіледі
Мұнайға деген тәуелділікті азайту үшін әлем елдері жаңа технологияларға жаппай көшіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен көрші Қытай дронмен адам тасымалдауды жаппай қолданысқа енгізуге дайындалуда. Биыл пилотсыз ұшатын аппараттар нарығын дамытуға күш салынады.
Бұл бағытта көрші ел 1,5 трлн юань қаржы жұмсайды. Бұған орнынан тік көтеріле алатын әуе көліктеріне сұраныстың артуы түрткі болып отыр. Жаңа жылдан бастап ұшып-қонуға қажетті инфрақұрылым құрылысы қарқын алды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- 2025 жылы Қытайда төмен биіктікте ұшатын әуе көліктері бірнеше есе көбейеді. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай, орман шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау сияқты сан салада қолданылады. Мәселен Тибеттегі елді мекендердің халқы үшін бұл таптырмас құрал. Таулы аймақтарда тұратын жұрт қалаларға сауда-саттық жасап жүк жеткізіп отыр. Пошта қызметі де сәлем-саухатты дрондармен тасымалдайды.
Жэнь Сяожун, China Post бөлімшесінің жетекшісі:
- Таудан түсіп-көтерілуге ұзақ уақыт кетеді. Қыстың күндері тіпті қауіпті. Қазір дрондар нағыз электронды сауда-саттық құралына айналды. Бүкіл зат станцияға жиналып, осы жерде қапталады. Кейін тапсырысқа сәйкес дрондармен жөнелтеміз. Бұл өте ыңғайлы әрі тиімді. Бүгінде етке сұраныс артты. Бұрын кептірілген түрін ғана жіберетінбіз. Енді жаңа сойылған мал етін де жөнелтудеміз.
Мың метрге дейінгі биіктікте ұшатын дрон, ұшақ, электрлі тікұшақтар сияқты әуе көліктері жоғары сұранысқа ие. Қытайлар бұның игілігін көптен бері көріп отыр. Енді қалаішілік, аудан және аймақаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға көшті. Бұған дейін түрлі аппараттар жасап сынақтан да өткізген. Алайда жаппай қолданысқа енгізуге инфрақұрылымды жетілдіру керек.
Ду Цзядун, Ақпараттық және байланыс технологиялар академиясы зерттеу орталығының басшысы:
- Ең алдымен байланыс желісін қалыптастыру қажет. Әр аймақтың өзіндік техникалық ерекшелігі бар. Әуе көліктерінің ауданаралық жүріп-тұру, ұшып-қону қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін станцияаралық өзара үйлесім болу тиіс. Мәселен, А нүктесінен В нүктесіне ұшқан дрон автоматты түрде келесі желіге ауыса алуы керек. Бұл мәселені шешу жобаны жүзеге асыруда маңызды болып отыр. Қазір түрлі тәсілдерді қолданып көріп жатырмыз.
Чэн Тао, Шэньчжэнь қалалық төменгі биіктіктегі экономика өндірісі қауымдастығының атқарушы хатшысы:
- Қазір елде түрлі жобалар іске қосылғанымен әуе жолдары жүйеленбеген. Ұшып-қону алаңдары да жеткіліксіз. Оның үстіне цифрлы басқару желілері өзара интеграцияланып бір жүйеге келтірілуі тиіс. Бұл жұмыстар Шэньчжэнь қаласында қарқынды жүріп жатыр. Шаһарда 2026 жылға дейін 1200 осындай нысан салынады.
Қытайдың азаматтық авиация басқармасының ресми мәліметіне сәйкес бұл саланы қаржыландыруға биыл 1,5 трлн юань жұмсалады. Ал 2035 жылға қарай 3,5 трлн юаньға жетеді. Ел билігі дәл осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға ниетті инвесторларға 2 млн-нан астам юань субсидия төлейді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын