Қытайда бензин қымбаттады. LIVE
Қытайда жаңа жылдан бастап бензин қымбаттады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір АИ 92 маркалы жанармайдың литрі 8 юаньға жуықтайды. Біздің ақшаға шаққанда шамамен 600 теңге.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бензиннің қымбаттауына әсер еткен фактор көп. Қытай – әлемдік деңгейдегі ірі мұнай тұтынушы ел. Халықаралық нарықта мұнай бағасының құбылуы тікелей себеп болып отыр. Оның үстіне алып территориясы мен географиялық орналасуы күрделі мемлекет. Сондықтан логистика және көлік шығындарын қосуға болады. Әр провинция мен аудандарда салық саясаты әртүрлі. Бұл да әсер етті. Сонымен қатар халық тығыз орналасқан шаһарларда да бензин құны қымбат.
Дәл қазіргі уақытта бензин бағасы елдің әр аймағында әртүрлі. Мәселен, Хайнань мен Тибет жақта жанармай теңіз жолдарымен тасмалданады. Сондықтан баға, сәйкесінше, қымбат. Түсінікті болу үшін бағаны теңгемен есептеп айтып шығайын. Хайнаньда АИ 92 маркалы бензиннің литрі 666 теңге, Шыңжаңда 569, Шанхайда баға 617 теңге. Ал Бейжіңде АИ 92-нің бағасы 582, АИ 95 620, АИ 98 732 теңгеден сатылып жатыр.
Айта кету керек, кейінгі 20 жылда Қытайда бензин бағасы 200%-ке дейін қымбаттаған.
Мысалы, 2004 жылдары бензин бағасы литріне 2,9 юань болған. Ол уақытта Қытайдың автонарығы бүгінгідей дамымаған кезең. Темір тұлпар саны жан басына шаққанда әлдеқайда төмен еді. Оның үстіне ел үкіметі жанармай бағасын қатаң бақылауға алды. Осы сияқты шаралардан кейін баға айтарлықтай құбылған жоқ.
Тек 2015 жылдан бастап баға өсе бастады. Ол ел экономикасына айтарлықтай әсер етті. Салықтан түсетін қаржат артты. Шикізат және тасымал бағасы қымбаттады. Тұтынушылардың жанармай шығыны көбейді. Түптеп келгенде, бұл халықты гибридті қозғалтқышты және тоқпен жүретін көлік мінуге итермеледі. Осының арқасында жаңартылған энергия көзімен жүретін техника нарығы дами бастады. Ресми статистикаға сай өткен жылы бұл елде 158 млн тонна бензин тұтынылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1%-ке төмен. Ол электрлі көліктердің артуымен байланысты. Десе де Қытайда бензиннің 94%-ін автокөліктер қалғынын мотоцикл иелері пайдаланады. Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің 2024 жылғы статистикалық мәліметіне сәйкес қытайдағы көлік саны 500 миллионға жуықтайды. Оның 345 миллионы бензинмен жүретін автокөліктер.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бензинге сұраныс 2026 жылы арта түседі. Бірақ 2045 жылға қарай екі есе құлдырайды деген болжам бар. Бұған электрлі көліктердің арту түрткі болады.
2050 жылға қарай Қытайда жанармай құю бекеттері 37 мыңға дейін қысқарады. Қазір ел үкіметі мұнай өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысын кешенді энергиялық станцияға транформациялауға бағыттап отыр. Өйткені 2030 жылға қарай электр қуатымен жүретін көліктердің үлесі 50%-ке жетеді. Сөйтіп, 2045 жылға қарай жанармаймен жүретін көліктердің орнын басады. Ал 2060 жылға қарай бензинмен жүретін көліктер мүлдем қолданыстан алынуы мүмкін.