Ресей бензиннің қолжетімділігі бойынша Еуропада 15-орында

Ресей бензиннің қолжетімділігі бойынша еуропалық рейтингте 15-орында тұр, деп хабарлайды 24kz.

Кейінгі екі жылда көрші ел экспортқа тосқауыл қою немесе осы тыйымды алып тастау арқылы жанармай бағасын тұрақтандыруға тырысып келеді.

Бірақ оған қарамастан бензин мен дизель отыны қымбаттап жатыр.

Дана Нұржан, тілші:

- Ресейде бір литр жанармайдың орташа құны – 60 рубль. Бұл шамамен 312 теңге. Бензиннің қолжетімділігін қамту үшін халықтың табысы ескерілген. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Ресей азаматы орташа айлық жалақысына шамамен 1240 литр бензин сатып ала алады. Осыған қатысты рейтингте Испания мен Қазақстанның ортасында тұр.

Вячеслав Мищенко, Консалтингтік компанияның басқарма директоры:

- Меніңше, бұл – жақсы көрсеткіш. Ол – Ресей мен Қазақстан Үкіметтерінің жанармай қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қолданылған шаралардың тиімділігінің дәлелі. Атап айтқанда, Ресейде өңдеушілерге экспорттық баға мен ішкі нарықтағы баға арасындағы айырмашылықты өтейтін демпфер деп аталатын механизм бар. Қазақстанда да осы бағытта көптеген шаралар қабылданып жатқанын білемін. Жанармай арзан болу тиіс дегендерге айтатыным: біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, тегін ештеңе де жоқ. Мұнай-газ саласы дамуы керек, ол өзіне қолайсыз жағдайда тиімді бола алмайды.

Дана Нұржан, тілші:

-  Ресей үкіметі бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шара енгізгенмен, былтыр жанармай инфляциядан асып кетіп, шамамен 11%-ке қымбаттады. Биыл да жазға қарай тағы 10%-ке өседі деген болжам бар.

АҚШ Ресейдің мұнай өнеркәсібіне тағы жаңа санкция салғаны белгілі. 180-нен астам танкер қара тізімге еніп, жергілікті компанияларға айтарлықтай соққы беріп жатыр. Дегенмен, мамандар Ресей үкіметі мұнай өнімдерін экспорттауға рұқсатты тағы ұзартады деп сенеді.

Марсель Салихов, Қаржы және энергетика институтының президенті:

- Ресейдің мұнай компаниялары қаңтар айының басында салынған санкциялардан айтарлықтай зардап шекті. Үкіметтің бензин экспортына тағы бір айға рұқсат беруінің негізгі себебі – осы компанияларды қолдау. Ал екінші жағынан жақында болған апаттардан кейін, атап айтқанда, Рязань мұнай өңдеу зауытындағы апат салдарынан ішкі нарықтағы тепе-теңдік бұзылуы мүмкін. Осы зауыт жақын арада толық қуатқа шыға алмаса, бұл жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін.

Дана Нұржан, тілші:

-  Айта кетейік, былтыр Үкімет шешімімен Росстат мұнай өнімдерін өндіру бойынша статистиканы жауып тастады. Ал Ресейдің кеден қызметі барлық тауарлардың импорты мен экспорты туралы мәліметтерді жариялауды 2022 жылдан бері тоқтатқан еді.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров