Біріккен Араб Әмірліктерінде жанармай бағасы қанша?
Мұнайдың ордасы араб елдерінде жанармай бағасы қанша? Ол жақтағы жұрт не дейді?
Рауан Мыңбай, тілші:
- Біріккен Араб Әмірліктері дегенде ең алдымен ойға қара алтын оралатыны рас. Соның игілігі болса керек, бір кездері шағыл һәм барқан құмға оранып жатқан қалалар бүгінде сәулеті мен дәулеті келіскен мекенге айналды. Ал мұнайдың негізгі өнімі жанар-жағармайға келсек, оның құны елде ай сайын өзгеріп тұрады. Жергілікті жұртты былтыр сол жағдай қинап, көкейде көп сауал туындатқан. Бензин бір ғана сәтте 30%-ке қымбаттап, қарапайым халық пен бизнес біраз зардап шеккен.
Мұхамад Гуфран, Абу-Даби тұрғыны:
- Үкімет келер айдың бағасын әзірге жарияламады. Таяу күндері белгілі болатын шығар. Бір анығы, бұрынғы кезбен салыстырғанда қымбат. Айталық, он шақты жыл бұрын жанармайды 1 дирхамға сатып алушы едім. Қазір ол сома екі еседен де асып кетті. Былтыр мамыр айында болған жағдай әлі есімде. Баға бір айдың ішінде шарықтап шыға келді.
Алайда кейін ахуалға үкімет араласқан. Содан соң баға біршама арзандаған. Дегенмен, қазір жағдайдың қайталануы мүмкін екені жоққа шығарылып жатқан жоқ. Мұнда да мұнай өндірісіндегі көп дүниені нарық қатысушылары реттейді. Айта кеткен жөн, әмірліктің жанармай құнына жауапты комитеті желтоқсан және қаңтар айларына арналған бағаны өзгеріссіз қалдырды. Осы күні жанармай құю бекеттерінде көпшілік көп қолданатын Special-95 маркалы бензин біздің ақшаға шаққанда 352 теңгеге саудаланып жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбай