Париждегі Лувр күрделі жөндеуден өтеді
Француз билігі Лувр музейін қорғау бағдарламасын қолға алды. Әлем халқы жиі бас сұғатын басты мәдени орын келушілердің көптігінен қирау алдында тұр. Жергілікті билік олқылықты жойып, музейді қолжетімді әрі жайлы етуге уәде беріп отыр.
8 ғасыр бұрын пайдалануға берілген бұрынғы Король сарайы халықты қабылдауға жарамсыз. Өйткені тарихи нысан туристер ағынына төтеп бере алар емес. Ал мына шыны пирамида осыдан 35 жыл бұрын жылына 4 млн ғана мейманды қабылдауға арнап салынған. Бірақ қазір онда келушілер қарасы бұдан бірнеше есе асып кеткен.
Лоранс де Кар, Лувр музейінің директоры:
- Лувр жобасының негізі қаланғалы біз бұл сарайдың мұражай ретіндегі құрылымдық қажеттілігін ескермедік. Табиғи апаттардың кесірінен музейдің кей залдарын жабуға мәжбүр болдық. Қонақтардың көптігінен техникалық жабдықтар істен шығып жатыр. Ғимарат болса климаттық өзгеріске бейімделмеген. Бұл келушілердің ғана емес, музейдің 2 мыңнан астам қызметкерінің жұмысын қиындатып отыр.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон «Ұлы Луврды жаңғырту» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл туралы ол музейді құтқаруға арналған жедел отырыста мәлімдеді. Мазмұнды жиын әлемге әйгілі Джоконда жәдігері сақталған зал маңында өтті. Жоба мәдени орынды күрделі жөндеуден өткізіп, келушілерге арналған тағы бір кіреберіс орын ашуды көздейді. Джокондаға арналған жаңа зал да арнайы кіру есігі және билет сату орнымен жабдықталады.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Еуроодақтан тыс шетелдік туристер үшін билеттің қымбат сатылады. Бұл дифференциалды тариф деп аталады. Ол мұражайға кіру билеттерін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл көптеген мұражайлар мен тарихи ескерткіштерге де қолданылады. Бастама 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл әрі жөндеу жұмысын қаржыландырса, әрі келушілерге дайындықты арттыруға жағдай жасайды. Лувр кеңейтілгеннен кейін жылына 12 миллион мейманды қабылдаймыз деген жоспар бар.
Күрделі жөндеуге шамамен 800 млн еуро көлемінде қаражат қажет. Франция билігі үшін бұл қомақты сома. Сол себепті нысанды кеңейту жұмыстары музейдің жеке бюджеті, оның Абу-Дабидегі филиалы есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ қалталы жомарт азаматтар материалдық тұрғыда қолғабыс етеді. Қазір әлем бойынша музейге кіру құны Луврда өте қымбат. Бір жыл бұрын әкімшілік оны 22 еуроға, біздіңше қазіргі валюта бағамымен шамамен 12 мың теңгеге көтерді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Әлия Сыздықова.