Ресейде ипотека дағдарысы басталды
Ресейдің жылжымайтын мүлік нарығы дағдарыста. Ипотекалық несиелеудің орташа мөлшерлемесі 30%-ке жетті, деп хабарлайды 24kz.
Соның салдарынан былтыр тұрғын үй сатып алуға берілген жалпы несие көлемі 40%-ке қысқарған.
Дана Нұржан, тілші:
- Мәскеуде ең қымбат пәтердің бағасы – төрт млрд рубль. Бұл шамамен 43 млн доллар. Бес жүз шаршы метрлі, екі қабатты пентхаус қаланың қақ ортасында, Остоженка көшесінде орналасқан. Ал ең арзан бағаға сатылатын мәскеулік пәтер Внуково қалашығында. Жөндеу жасалмаған 19 шаршы метрлік студия 4,5 млн рубль, яғни 23 млн теңге тұрады. Егер жергілікті тұрғын осындай пәтерді қазіргі пайыздық мөлшерлемемен, 20% бастапқы жарнамен ипотекаға алса, оған айына шамамен жүз мың рубль төлеуі керек. Ал ресми статистика бойынша Ресей астанасындағы орташа жалақы бүгінде 116 мың рубль.
Басқаша айтқанда, ресейліктер үшін ипотека іс жүзінде қолжетімсіз болып шықты. 2024 жылы орташа мөлшерлеме 16%-тен 30%-ке дейін өсті. Нәтижесінде берілген ипотекалық несие көлемі екі есе қысқарды. Сарапшылардың болжауынша, биыл орташа мөлшерлеме 35%-ке дейін өседі. Себебі – Орталық банк негізгі мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап отыр. Қазір ол 21%-ті құрайды.
Владислав Жуковский, экономист:
- Бизнес пен өнеркәсіп орындары да несиені қазір 28%-пен алады. Бірақ жақын арада негізгі мөлшерлемені одан әрі көтеру қажеттігі туындайды, яғни, Орталық банк бизнес үшін де, халық үшін де несие беру шарттарын тағы да қатаңдатады.
Былтыр ресейлік компаниялар тұрғын үй құрылысы көлемін екі есе қысқартты. Соған қарамастан, салынған, бірақ сатылмаған пәтерлер саны айтарлықтай өскен. Мамандар 2025 жылы да ипотекалық несие мөлшерлемелері жоғары деңгейде сақталады деп болжайды.
Сергей Зайнуллин, экономист:
- Қазір құрылыс компаниялары дайын пәтерлерді 10%-тік жеңілдікпен сатуға дайын. Дағдарыс қос бүйірден қысқан кезде олар бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Менің ойымша, жыл соңында үйлердің 20, тіпті 30%-ке арзандағанын көреміз.
Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан әрбір екінші ресейлік жаңа пәтер сатып алғысы келетінін айтқанымен, сауалнама нәтижесі қазіргі жағдайда респонденттердің тек 9%-інің ғана ипотека алуға шамасы жететінін көрсеткен.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров