АҚШ-та мигранттардың жағдайы қиындады
Дональд Трамп президентік қызметіне кірісе салысымен көші-қонды реттеу жөніндегі 20-ға жуық жарлыққа қол қойды.
Содан бері елде күніне жүздеген рейд жүргізіліп, мемлекетке заңсыз кірген мыңдаған мигрант қамауға алынды.
Тіпті тәртіп бұзбағандар да жауапқа тартылып, Трамптың қатаң саясатының зардабын тартып жатыр.
АҚШ-тың жаңа билігі заңсыз миграциямен күресті күшейткеннен бері, босқындардың жағдайы қиындады. Полиция көшеде құжатсыз жүргендерін көрсе бірден ұстап, қамап тастайды. Ірі қалаларда рейдтер көбейді. Осы себепті елге заңсыз кіргендердің зәре құты қашқан. Америка азаматтығын алмағандар да ерте ме кеш пе елден шығарыламыз ба деп алаңдайды. Сондықтан кей отбасылар балаларын мектепке жібермей отыр.
БЛИЦ:
- - Жағдай күннен күнге ушығып барады. Адамдар әбден қорқып қалған. Қазір бәріміз бірігіп, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек деп ойлаймын.
- - Мен отбасым, достарым, туыстарым үшін қатты алаңдаймын. Депортация туралы ойласам тіптен уайымға батып кетемін. Мұнда адал кәсіп етіп жүрген мигранттар да көп емес пе ? Олардың бәрін ұстап елден қуудан мемлекет ұта қоймас.
Гондурас
Трамп қызметіне кіріскеннен кейін бір аптадан соң АҚШ-тан жеті жарым мыңға жуық заңсыз мигрант ұсталып, елден шығарылды. Олардың дені Мексика, Венесэула, Гондурас, Гватемала азаматтары. Бірақ кейінгі уақытта депортациялау қаражат жетіспеушілігінен саябырлаған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, келімсектерді өз еліне қайтару үшін 86 миллиард доллар қажет.
АҚШ
Том Хоман, бас шекарашы:
- Мигранттар мәселесінде негізінен ұлттық қауіпсіздікке баса мән беріледі. Елде заңсыз жүрген адам қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа да қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай азаматтар бірден ұсталып, заңға сай жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ қазір оларды қамауда ұстау үшін арнайы орындар жетіспейді. Жалпы 100 мың адамға төсек орын қажет.
АҚШ-та Трамп әкімшілігіне дейін де заңсыз мигранттарды депортациялау жүргізілген. Жергілікті Көші-қон полициясының мәліметі бойынша, Джо Байден басшылық еткен жылдары бір жарым миллионға жуық мигрантты мәжбүрлеп депортациялау туралы бұйрық берілді. Барак Обаманың кезінде 3 миллион адам елден шығарылыған. Ал соңғы дерекке сүйенсек қазір АҚШ-та 11 миллион адам заңсыз тұрып жатыр.
Фариза Жанғанаева