Корея электромобиль аккумуляторларын бақылауға алады
Оңтүстік Корея электромобиль аккумуляторларына сақтықты күшейтті.
Былтыр тамыз айында Инчхон қаласында жерасты тұрағында электркөлігі өртеніп, 140-қа жуық көлік жанып кеткен .
Осы оқиғадан кейін елде электр көліктеріне сұраныс күрт төмендеді.
Инчхон қаласының тұрғыны Дина Ким екі жылдан бері электромобиль тізгіндеп жүр. Кәсіпкер әйелге мұндай көлік түрін сатып алуға мемлекеттен субсидия берілетіні және электр қуатымен жүру бірнеше есе арзанға түсетіні ұнапты. Электромобильдердің өртену оқиғалары Динаны алаңдатқан жоқ. Айтуынша, өрт шығу қаупі болғанымен, электркөліктердің артықшылықтары әлдеқайда көп.
Дина Ким, кәсіпкер:
- Қалалық тұрақтар мен ақылы жолдарда – 50% жеңілдік бар. Сондай-ақ электромобильдің маған ұнайтыны – қуаттау бекеттері өзім тұратын тұрғын үй кешенінде, ақылы жолдарда, сауда орталықтарында яғни барлық жерде бар. Кофе ішіп, дүкен аралап жүргенде көлігіңіз қуаттанып тұрады.
Владислав Цой, тілші:
-Корея заңдарына сәйкес, 100 және одан көп пәтері бар тұрғын үйлердегі тұрақ орындарының кемінде 5 пайызы электромобильдерге арналуы тиіс. Әдетте, мұндай тұрақтарда қуаттау құрылғылары орнатылады. Алайда, электромобильді баяу зарядтау станциясында 14 сағаттан артық немесе жоғары жылдамдықтағы станцияда 1 сағаттан артық қуаттауға тыйым салынған. Бұл үшін 100 000 вон немесе шамамен 70 доллар көлемінде айыппұл қарастырылған.
Электромобильдерге арналған тұрақтардың көбі қазір бос тұр. Өйткені, Инчхондағы өрттен кейін жүргізушілер арасында дүрбелең басталған. Елдің сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінің мәліметінше, былтыр Оңтүстік Кореяда жаңа электр көліктерінің сатылымы 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға төмендеген. Сонымен қатар қолданыста болған экологиялық жағынан таза автокөліктердің де бағасы айтарлықтай арзандады.
Дмитрий Ли, автокөлік сату компаниясының директоры:
- Менің таныстарымның көбі электромобильдерін сатып жіберді. Қазір олардың бағасы күрт төмендеді, қолданылғаны да, жаңасы да 30-40%-ға арзандады.
Биыл Оңтүстік Корея электр көліктер сатылымын ынталандыруға 1 миллиард доллардан астам қаражат бөледі. Бұл туралы елдің Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі хабарлады. Қаржы электркөлік нарығын субсидиялауға жұмсалады. Ал Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі елдегі барлық электр көліктердің аккумуляторларын бақылауға алмақ.
Ким Ын Джон, Оңтүстік Корея жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі департаментінің директоры:
- Сәуір айынан бастап батареяға диагностика жасайтын пилоттық қызметті іске қосу жоспарланып отыр. Егер ақау шығып немесе қауіп анықталса, ақпарат өрт сөндіру қызметіне жолданады. Бұрын электромобиль батареяларын өндірушілер мемлекеттік стандартқа сәйкес өздері сертификаттайтын. Ал биылғы ақпан айынан бастап бұл процесті тікелей мемлекет жүргізеді.
Сонымен қатар осы айдан бастап Оңтүстік Кореяда аккумуляторлардың сәйкестендіру номерлерін бақылау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе электрлі көлік батареяларын өндіруден бастап қайта өңдеуге дейінгі барлық циклды қадағалауға мүмкіндік береді.
Владислав Цой, Ольга Лян