Жастар мен сәбилер қатерлі ісіктің зардабын тартып жүр

Қатерлі ісік бұрын кәріге үйір болса, қазір жастарды айналдыра бастаған. Тіпті кішкентай сәбилер де осы дерттің зардабын тартып жүр. Әлемде жыл сайын шамамен 400 мың бала обыр ауруына шалдығады. Бұл дерт неге көбейіп барады? Дамыған заманда оны емдеудің қандай мүмкіндіктері бар? Өзге елдер қалай күресіп жатыр?

Әлемде қатерлі ісік жасарып барады

Обырдың өршуі шаянның өсуіне ұқсайды. Жәндік қабығының жылдам жаңарып отыратыны секілді қатерлі ісіктің қалыптасып, ағзаға таралуы әп-сәтте. Кейінгі 30 жылда әлем елдерінде онкологиялық ауруға шалдығу деңгейі 79%-ке өсті. 2019 жылы 50 жасқа толмаған миллионнан астам ересек обырдың құрбаны болған. Бұл әсіресе Солтүстік Америка, Батыс Еуропа және Австралияда тіркеліп отыр. BMJ Oncology ғылыми журналының зерттеуінде келтірген дерек осындай. Обырдың өршуі жасөспірімдер арасында да тыйылмай тұр. ДДСҰ келтірген мәлімет бойынша 2022 жылы Шығыс Жерорта теңізі аймағында қатерлі ісік диагнозы қойылған балалардың 70%-і аурудан көз жұмған. Қайғылы жағдай әсіресе гуманитарлық төтенше жағдайға, табиғи апаттар мен саяси тұрақсыздыққа тап болған елдерде көп. Сондай-ақ кедейлік пен ауаның ластануы да онкологиялық аурудың қоздырғышы болып отыр.

Андреа Черчек, Нью-Йорктегі онкологиялық орталықтың дәрігері:

- Науқастар қатары жасарып барады. Бұған қоршаған ортаның ластануы, дұрыс тамақтанбау, қолжетімсіз медицина себеп болуы мүмкін. Мұнан бөлек, әсер етуші факторлар көп. Ғалымдар тарапынан әлі де зерттеліп жатыр.

Обыр өршіп тұрған тағы бір аймақ – Ұлыбритания. Корольдікте өкпе, ми, өңеш, асқазан және ұйқы безі қатерлі ісігінен болатын өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Жыл сайын дерті дендеген 90 мыңнан астам науқас диспансерлік есепке тіркеледі. Guardian басылымы келтірген мәліметке сүйенсек, ми қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарда аурудың басқа түріне қарағанда айығып кету мүмкіндігі жоғары. Емдеу біздегідей хирургиялық ота, сәуле және химиотерапия әдісі бойынша жүзеге асырылады. 

«Ұлттық денсаулық сақтау қызметі қатерлі ісікті анықтау мен емдеудің жаңа әдісін әзірлеп жатыр. Өйткені ауруды ерте анықтау арқылы өмірді сақтап қалу мүмкіндігі жоғары. Біздің мамандар өкпе қатерлі ісігінің үш мыңнан астам жағдайын ерте анықтады. Бұған дейін дерттің 33% жағдайы алдын ала анықталса, қазір көрсеткіш 75% жетті» — Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметі.

 

Ағарған ішіп, аурудың алдын алуға болады  

Күнделікті бір кесе сүт ішу тоқ және тік ішек обырының алдын алады. Ұлыбритания ғалымдары 16 жастан асқан 550 мыңдай әйелге тәжірибе жасап көрді. Оларға күнделікті бір стақан ағарған беріп, денсаулығын біраз уақыт бақылаған. Нәтижеге сәйкес 12 мың қыз-келіншекте енді пайда болған ісіктің дамып келе жатқаны анықталған. Ал құрамы магний, калий, кальцийге бай сүт өнімдерін көбірек тұтынғандарда дерттің даму қаупі төмендеген. Ал араққа тәуелділерде тоқ және тік ішек қатерлі ісігіне шалдығу 15% жоғары болыпты. Күнделікті бір тілім өңделген ет тұтыну дертке бейімділікті 8% арттырады. Тоқетері, құрамы кальциймен байытылған өнім ағзадағы жасушаның зақымданбай, сау өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ ас қорыту жолындағы зиянды заттарды жойып, қатерлі ісіктің алдын алады.

    

Арақ ағзада қатерлі ісік туғызады

Алкоголь демекші таяуда АҚШ-тың бас хирургі Вивек Мурти ащы судың шөлмегінде «қатерлі ісік туғызады» деген ескерту белгісі болуға тиіс деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, арақ ағзада сүт безі, тоқ ішек қатерлі ісігі сияқты обырдың 7 түрінің қоздырғышы саналады. Кейінгі дерекке сүйенсек, Америкада жыл сайын алкогольді жиі тұтынатын 10 мың адам қатерлі ісіктен зардап шегеді. Дерті дендеген 20 мың науқас көз жұмады. Ащы судан болатын өлімнің тағы 13 мыңдайы жол-көлік оқиғаларынан болады. 

Вивек Мурти, АҚШ-тың бас хирург-дәрігері:

- Жұрттың бәрі әйелдер үшін күніне бір шыны, ерлерге екі шыны ащы су ішу қауіпті емес деп санайды. Бірақ қателеседі. Өйткені обырдың 6 жағдайының біреуі дәл осы алкогольдан болады. Әсіресе сүт безі қатерлі ісігінің қаупі жоғары.

Тай Плиас, жергілікті тұрғын:

- Меніңше, бас дәрігердің алкогольға ескерту белгісін қою туралы ұсынысы адамдардың арақты тұтыну деңгейін аз да болса кеміте түседі. Бұл тұрғындар арасында ішімдік мүлдем тоқтатпағанымен, одан арылуға ой тастайды. Дәрігердің де діттегені осы болса керек. Арақтың зиянын бірте-бірте түсініп, одан бас тартуға итермелеу.

 

Қатерлі ісікті анықтайтын иттер көмекке келді   

Таяуда Ұлыбританияда тоқ және тік ішек қатерлі ісігін анықтайтын иттер пайда болды. Medical Detection dogs Charity қайырымдылық ұйымы былтыр ауруды анықтауға үйрету үшін 7 итке зерттеу жүргізді. Олар адамның зәр сынамаларын иіскеу арқылы оның дертке шалдығып-шалдықпағанын анықтауға бейімделген. Қазір иттер паркинсон, псевдомонас, COVID, Аддисон сияқты дерт түрлерін анықтауды үйреніп жатыр. 

Джемма Батлин, қайырымдылық ұйымының бөлім басшысы:

- Қайырымдылық ұйымы 15 жылдан бері дерттің иісін зерттеумен айналысты. Ал қатерлі ісікке қатысты жобамыз жақында аяқталды. Иттер ішек обырының иісін анықтау қабілетіне ие екенін байқатты. Бірақ әлі ресми нәтиже беретін тестілеуден өткеніміз жоқ. Бұл бірнеше айдан кейін жүзеге асырылады. 

Ауызша. Дені сау адам – салауатты қоғам. ДДСҰ мәліметіне сәйкес салауатты өмір салтын ұстанып, ішімдік пен шылымнан бас тартсақ, онкологиялық аурудың 40%-ін алдын алуға болады. Демек өз саулығымыз өз қолымызда. Ендеше оған жауапкершілік танытқан жөн.