Израильде МОССАД қызметкерлері полиграфтан өтеді

Көптеген мемлекеттерде жұмысқа қабылдау кезінде үміткерлер біз үшін үйреншікті сұхбаттан бөлек полиграфта тексеруден өтеді.

Мұндай тәжірибе әсіресе күштік құрылымдар, барлау қызметі, сондай-ақ қаржы ұйымдарында кеңінен тараған. Ресейде тіпті шенеуніктерге де осы әдіс қолданылады.

АҚШ-та полиграф негізінен үкіметтік ұйымдар мен күштік құрылымдарға жұмысқа қабылдау кезінде қолданылады. Жылына 70 мың үміткер тиісті тексеруден өтеді. Бұл әдіс әсіресе Федералдық тергеу бюросы, орталық барлау басқармасы мен полицияда көп тараған. Лаңкестікке қарсы агенттіктерде ол қызметке қабылдаудың міндетті бір бөлігі. Олар жұмысқа тұрғаннан кейін де осындай тексеруден өтіп тұрады. Полицияда қызмет еткісі келетін үміткерлердің 75 пайызы полиграфтан өтеді. Ал жекеменшік компанияларда бұл әдісті қолдану жиілігі небәрі 5 пайыз. Жалпы АҚШ-та полиграфтың көмегімен тесттен өтуге 2 жарым сағаттай кетеді. Оның құны біздің ақшамен шамамен 250 мың теңге болады.

Израильде МОССАД қызметкерлері полиграфтан өтеді

Израильде де полиграф кеңінен қолданылады. Әсіресе қауіпсіздік, барлау және қорғаныс саласы мекемелері жұмысқа қабылдау кезінде осы әдіске жиі жүгінеді. Адамдар қызметке алынғаннан кейін де осындай тест тапсырып тұрады. Израильдің ұлттық барлау қызметі МоссАд және ШабАк арнайы қызметі де мамандарын полиграфпен жиі тексеруден өткізіп тұратыны белгілі.

Ресейде шенеуніктер 6 ай сайын полиграф арқылы тексеріледі

Ресейде кейінгі кездері полиграфтың көмегіне жүгінетін компаниялар көбейген. Қазір күштік құрылым, несие ұйымдары мен ірі бірлестіктерде үміткерлердің барлығы дерлік осындай тексеруден өтеді. Тиісті талап ұйымның ішкі жарлығымен бекітіледі. Әсіресе мемлекеттік құпия және қаржы деректеріне қатысы бар болашақ жетекшілер жіті тексеріледі. Ал Самара облысында 1-қаңтардан бастап аймақтық үкімет мүшелері полиграфтық тестен өтуі тиіс. Ол жарты жыл сайын жүргізіледі. Бұл жемқорлықпен күрес мақсатында қабылданған шешім. Жалпы көрші елде полиграфтан өту 4 сағаттай уақытты алады. Ал құны біздің ақшамен 40 мың теңгеден басталады.

Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова